ҚР Халық әртісі, профессор, әнші Қажыбек Бекбосынов «Дара жол» бағдарламасының қонағы болды.
Қажыбек Құдайбергенұлы 1946 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әнші Алматы эстрада-цирк өнері студиясын (Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі) бітірген. Кейін «Қазақконцерттің», Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әншісі болды.
Қажыбек Бекбосынов орындаушылық шеберлігімен қазақ әншілік өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азамат. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс берді.
«Қажеке, қайдасыз?» деп сұрайтындар көп. 14 жылдан бері Қ.А.Яссауи университетінің Өнер факультетінде дәстүрлі ән мамандығы бойынша сабақ беріп келемін. Былайша айтқанда, түркістандық азаматпын. Осы уақытқа дейін біраз шәкірт дайындап, халық алдында қызмет жасап жатқан жағдайым бар.
Отбасында 7 баланың ішіндегі 5-ші ұлмын. 14 жасымда әкесіз қалдым. Бірақ, бәрі де есімде. Әкем әнші, айтыскер болды. Той-томалақтан айтыспай қайтпайтын. Мен сол кезде әкеммен бірге қалып, тыңдайтынмын. Тәрбие бойыма әкемнің өлеңімен сіңді.
Бала кезімде ұялшақ болдым. Ауыл естімейді деп ауыл сыртына шығып ән айтатынмын. Сөйтсем, ауыл бәрін де естіп жүрген екен. Ол кезде әртіс көру бақыт еді ғой. Халықтың демі үлкен үміт берді. Әнді радио арқылы үйрендім. Алғашқы үйренген әнім «Елім-ай» еді. Одан кейін домбыра, күй үйрендім», - дейді қонақ.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.