Біздегі вагондар нені, қайда тасып жүр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Біздегі вагондар нені, қайда тасып жүр?

05.05.2018

Темір жол тегін жол емес. Ағайын ақшасын төлейді, тек еліміз үшін ең маңызды саланың бірі былыққа белшеден батпаса екен деген жанашырлық бізде. Кемшілікті көргендер кешіктірмей бәрін түзетеді деген сенімдеміз. Өйткені, темір жолдың қызметі тек жолаушыларды діттеген жеріне жеткізумен шектелмейді. Бұл көлікпен немесе көкпен апару мүмкін болмайтын тонналаған жүкті тасымалдауға таптырмайтын құрал. Сондықтан, қазір әлемнің әр елі шойын жолды көп салуға бейіл.

Әлемжеліге сүйенсек, қазір алты құрлықта 1134429 шақырым темір жол бар екен. Сараласақ былай, бірінші орында АҚШ. Ондағы пойыз жолдың ұзындығы 226427 шақырым. Екінші сатыда Ресей тұр. Көрші елдегі шойын жолдың ұзындығы 87157 шақырымды құрапты. Үштікті шығыстағы көршіміз Қытай түйіндейді. Ондағы темір жолдың ұзындығы 77834 шақырым екен.

Ал, біздің елдегі шойын жолдың ұзындығы 21000 шақырымнан асып жығылады. Аталған жолмен тек Қазақстанның отарбалары жүйткіп жүрмейтінін ескерген абзал, құрлықтың о шетімен бұ шетіне түрлі тауар тасымалдайтын транзиттік пойыздар да жиі өтеді. Тиісінше Қазақстанның аумағына кіріп-шыққан әр отарбасы үшін өзге елдер бізге қомақты қаржы төлейді.

Аталмыш ақша құныққандардың қалтасына емес, елдің қамбасына түседі деп сенейік. Ақпанда «Қазақстан темір жолы» ақжарма ақпарат айтты. Жүк тасымалы 10 пайызға өскенін жеткізді. Астық тиеу көлемі 1 миллион тоннадан асты деді. Ол аз десеңіз, құрылыс заттарын тасымалдау да миллион тоннадан асып түскен. Жүк пойыздары жарап тұр, жауаптылар түскен ақшаны санап тұр.

Таяқтың екі ұшы бар, темір жол қаржымен қоса қайғы әкеледі. Соңғы жылдары пойыздың астына түсіп, қаза тапқан қандастар туралы ақпарат тым көп. 2017 жылдың қарашасында Маңғыстау облысында болған төтенше жағдай жадыларыңыздан өше қоймаған шығар. 15 адам сиятын «Газельге» 36 жолаушыны тиеп алған өзбекстандық азамат темір жолдан тез өтпек болады.

Бірақ, «ажалды жылан, жол үстінде жатады» демекші, сол кезде жүйткіп жеткен пойыз көлікті талқандап тастады. 27 адам жарақат алып, 9 қандасымыз көз жұмды. Айыптылар аталды, жаза да кесілді. Бірақ, бұл қапыда көз жұмған бір үйдің анасын, біреудің баласын, бауырын қайта тірілте алмайды. Өкініштісі сол, темір жолды кесіп өтерде қауіпсіздікке атүсті қарайтын болыппыз. Салдарынан, өткен жылы пойыздар 112 рет адамды басып кеткен.

 

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу