Қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі

27.04.2018

Қамшы – ер жігіттің серігі, батырдың қаруы

Халқымыз қамшыны ат әбзелінің бір бөлшегі, бірі қару ретінде қолданған. Қамшы сөзінің шығу тегі туралы құрметті қолөнер маманы, ұста Дәркембай Шоқпарұлы мынадай жорамал келтіреді: «Қамшы сөзіндегі қам түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам – шикі, шылғи, шала; қам – қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал; қам – уайым, қайғы, қамығу; қам – қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі. «…Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты ма деген ой келеді»

Қамшының негізгі бөліктері өрім, сап, бас, алақан, бүлдірге, орам кежеге, шежемей, айдар, мойнақ бүркеншек, ауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топша болып бөлінеді.

Қамшы – ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі. Адамзат жылқыны қолға үйретіп мінісімен аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандайда бір құрал қажет болған. Алғашында атқа мінген адам атты әртүрлі шыбықпен, ағашпен айдап жүргізген. Уақыт өте келе бұл құралды малдың шикі терісінің өзінен жасаған, бертінірек өрме өнері шыққанда шикі қайысты өріп, өрменің санына байланысты қамшылар үш таспа өрім, төрт таспа өрім, алты таспа өрім, сегіз таспа өрім, он екі, жиырма төрт, қырық сегіз таспа болып бөлінген.

Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандарының бірі болды.

 

Толық нұсқа

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу