Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді

06.03.2014
Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді

Екі жыл кешігіп тойламас үшін, екі жыл бұрынғы қам-қарекет. Бүгін алаштанушылар мен ұлт жанашырлары Әлихан Бөкейханның туғанына 148 жыл толуына орай өткен конференцияда бас қосты.

 
Олар қазаққа адал қызмет еткен ата тойын алысқа хат, жақынға ат жіберіп атап өту туралы арнайы қарар қабылдады. Енді ол Үкіметке жолданады. Қолдау тапса, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы халықаралық деңгейде тойланатын болады.
 
Шара соңында Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Жинақ «Сарыарқа» баспасынан екі мың тиражбен басылып шықты. Мәңгілік ел боламыз десек, өткеннен өнеге алып, оны болашағымызға бағдар еткеніміз жөн. Бұл - конференцияға жиналғандардың пікірі.
 
Сұлтан Хан Аққұлы, Әлихантанушы:  
17 миллион халқы бар, 12 мыңға жуық орта мектебі бар қазаққа екі мың кітап жұғын да болмайды. Алдағы 150 жылдыққа Әлиханның 16 томдығын халыққа 50-100 мың данамен таратуды қолға алу керек. Бұл Әлекеңнің 148 жылдығы сол алдағы шараларға дайындық үшін себеп болды.
 
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу