«Таңшолпан». 2 ақпан - «Қазақ» газетінің шыққан күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». 2 ақпан - «Қазақ» газетінің шыққан күні

02.02.2018

1913 жылдың 2 ақпанында алты Алаштың айбынына айналған «Қазақ» газеті өмірге келді. Басылым ұлт еңсесін көтеруге үндейтін, ұлттық идеяны насихаттайтын 12 негізгі бағыт бойынша өзекті мәселелерді қамтыды. Газетті ұйымдастырушы, редакторы Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі Міржақып Дулатов болды.

Қысқа мерзім аралығында елге қызмет етсе де, басылымда Алаш ардақтыларының мақалалары жарияланып тұрды. Сондықтан, ол ұлт айнасына айналды.

«Газетті шығару оңай болған жоқ. Оған Алаш арыстары 13 жыл дайындық жүргізді. 1905 жылы Қарқаралы петициясында тәуелсіз газет шығару талабы болды. Соның нәтижесі - 1913 жылы «Қазақ» газетінің шығуы. 1918 жылдың қыркүйек айына дейін, 6 жылға таяу уақытта 266 нөмір шықты», - дейді алаштанушы ғалым Қайрат Сақ.

«Қазақ» газеті қазақ жұртына мәдени есік, әрі жат жұрт жағынан күзетшісі болсын. Бұл - Міржақып  Дулатовтың сөзі. Шынында да, белді басылым сан салалық қызметімен ерекшеленді. Қоғамдық-саяси, мәдени бағытта, ұлттық-демократиялық қағидаларға негізделді.

«Қазақ» газеті қолдан-қолға өтіп, тозып, жыртылғанша оқылды. Оны сол кездегі тоғыз облыс, бір губернияға бөлінген халық жаздырып, алып отырды. Бүгінде оның Еуропа, Түркия және АҚШ-қа дейін жеткізіліп тұрғаны жөнінде деректер бар.

 

Толығырақ "Таңшолпан" бағдарламасынан біле аласыз

Хабарламаларға жазылу