Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сараптама орталығына жіберілген ойыншықтардың 36,3 пайызынан улы заттар табылғанын айтты. Кейбірі баланы қатты жарақаттауы мүмкін екенін ескертті.
Қауіптілері негізінен Түркия мен Қытайда жасалған. Атақты «Барбиді» жасаған «Mattel» компаниясы кейін «Cabbage Patch» есімді тағы бір қуыршақты нарыққа шығарған. Оның ерекшелігі - ол аузына тамақ салса, жағын қимылдатып шайнай алады екен. Сондықтан, қаптамасында арнайы пластик қасық та болған. Бірақ, бөпелер қызық көріп, «Cabbage Patch»-тың аузына қолдарын салған. Қуыршақ тоқтаусыз істеп 35 баланың саусағын шайнап тастаған. Осыдан соң бұл қуыршақтың сатылымы дереу тоқтатылды.
Тағы бір қауіп сапасыз музыкалық ойыншықтардан болады. Мамандар олардың дауыс көрсеткіші 85 децибелден аспау керек екенін ескертеді, одан асса балалардың есту қабілеті нашарлайды, тіпті, кей балалар саңырау болып қалған. Музыкалық ойыншықтармен бүлдіршіндерді күніне 1 сағаттан артық ойнатуға болмайды.
Қытайдан келетін жұмсақ ойыншықтардағы жасанды қылдар шаңды көп жинайды, нәтижесінде ойыншықтың ішінде кене пайда болады екен.
Ал, еш тексерусіз жасырын жолмен әкелінген резіңке ойыншықтардың құрамынан сынап пен қорғасын табылған. «Мұны аузына салған баланың ішек жолдары уланып, бөбек қатерлі ісікке шалдығады», - дейді мамандар.
Ойыншықтан келетін тағы қандай қауіп бар, сатып аларда нені ескеру керек? Толығырақ Гүлжазира Ғалиқызы айтады.