Астана қаласында Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Халық қаһарманы, штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың 95 жылдығына арналған «Қанатты қызға құрмет» атты салтанатты шара өтті.
Жиында Хиуаз Доспанованың әскери күнделігінің негізінде жарыққа шыққан «ХИУАЗ» кітабының тұсауы кесіліп, қазақтың қайсар қызының ерлігін насихаттап және ұлықтап жүрген жандарға Халық қаһарманы «Хыйуаз Доспанова» естелік медалі табыс етілді.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, «Хиуаз» кітабының құрастырушысы, журналист, республикалық «Айқын» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Тұрсын Қалимова, Атырау облыстық Ғабдол Сланов атындағы облыстық кітапхана директоры Сара Ізмұхамбетова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова, ҚР Мәжіліс және Сенат депутаттары, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері, зиялы қауым, Республикалық Ардагерлер кеңесі, БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды жүргізген қоғам қайраткері Ирак Елекеев Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақтың батыр қызы туралы тағылымды мәліметтерді ортаға салды. Халық қаһарманы Б. Ертаев, сенатор С. Еңсегеновтер қанатты қызды ұлықтаудың маңыздылығына тоқталып, ақын Маржан Ершу Хиуаз Қайырқызына арнаған поэмасын оқып шараның маңыздылығына келушілерді ұйыта алды.
«Хиуаз Доспанованы тек Атырауға немесе Оралға ғана теліген дұрыс емес, тұтас қазаққа ортақ батыр қызы деп қабылдау керек. Осы бағытта Атырау облысы әкімдігінің қазақтың қайсар қызы Х.Доспанованы ұлықтау шараларын ұйымдастыруы, журналист Тұрсын Қалимованың Атырау Халықаралық әуежайына Х.Доспанова есімін беру туралы бастамасы қолдауға ие болады деп үміттенемін. Ал тарих пәніне батыр апамыз туралы мәліметті енгізу туралы ұсынысын билік органдарында қозғауға уәде беремін,-деді ҚР Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова.
Ал ұшқыш Тоты Әмірованың: «Атырау облысы әкімдігі мен Х.Доспанова есімін ұлықтап, бүгінгі және келешек ұрпаққа батыр апамыздың ерлігін насихаттап келе жатқан журналист Тұрсын Қалимоваға рақмет. Қазақтың қанатты қызын ұлықтау шарасы жалғаса береді әрі біз соған өз үнімізді қосамыз»,- деген ойын көпшілік қауым қолдады.
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы: «Азаматтық тарих дегеніміз ол соғыстағы тарих. Тарихтың рухани тарих деген үлкен бөлігі бар. Рухани тарихқа біздің салаға тікелей байланысты дүние деп қараймын. Осынау кітап шыққанда не нәрсеге қуандық? Ең алдымен Хиуаз апамыз жайлы үзік-үзік естеліктердің жиылып бір тамаша дүние болғанына қуандық. Менің ұсынысым -Хиуаз Доспанованың әскери күнделігін екі тілде апамыздың өз авторлығымен шығарып, еліміздің барлық өңірлеріне тарату қажет»,-деді.
Республикалық «Айқын» газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі, «Хиуаз» кітабының құрастырушысы, журналист Тұрсын Қалимова:
Атырау Халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанованың есімін беру туралы идея Атырауда Жеңістің 65 жылдығына орай Хиуаз апамызға ескерткіш-бюст ашылу рәсімінде ойға келген болатын. Бұл ұсынысымды ұшқыш Тоты Әмірова қолдап, біздің сұхбатымыздың негізінде Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов 2012 жылы Үкімет отырысында көтерді. «Эйр Астана» әуекомпаниясы алғашқы жеке ұшағына Халық қаһарманы Хиуаз есімін берді. Өткен жылы Хиуаз апамыздың қазақ және орыс тіліндегі әскери күнделігін бір бір кітап етіп шығардық.
Бұл да облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан шара болатын. Бүгін Хиуаз Доспанова есімін ұлықтап жүрген біздерге облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен «Хыйуаз Доспанова» медалі табыс етілді. Бұл марапат жеке өзіме тағы да жауапкершілік артты деп түйсінемін. Сондықтан да осы жүздесуде айтылған ұсыныстар мен оны жүзеге асыруға сөз берген азаматтармен бірлесіп, Хиуаз апамыз ұмытылмастай жұмыс атқарамыз деген сенімдемін. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Мәжіліс және Сенат депутаттары да қалыс қалмайды деп ойлаймын».
Қазақстан Республикасының Мәжіліс және Сенат депутаттары Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін мәңгі есте сақтау үшін тарих пәніне Әлия, Мәншүктер туралы деректерге қосу қажеттілігі мен Атырау Халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру туралы Үкіметке 2012 жылы жеткен ұсынысты қайта қарау туралы Хиуаз Доспанованың ерлігін насихаттап, есімін ұлықтап жүрген журналист Тұрсын Қалимованың ұсыныстарын ескеруге, Үкіметке жеткізуге уәде берді.
Салтанатты жиын соңына қарай Халық қаһарманы, қоғам қайраткері Хиуаз Доспанованы ұлықтауға үлес қосқан азаматтар: сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, ұшқыш Тоты Әмірова, «Хиуаз Доспанова туралы деректі фильмнің продюсері Мұрат Жәкібаев, мүсінші Гүлфия Мелдеш, Атырау Халықаралық әуежайына Х.Доспанова есімін беру туралы идея авторы, журналист Тұрсын Қалимова Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің «Хыйуаз Доспанова» естелік медалімен марапатталды.