Ағаш пен аң жоғалса жердегі тіршілік тоқтайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ағаш пен аң жоғалса жердегі тіршілік тоқтайды

09.12.2017

Бұл атақты ағылшынның физигі Стивен Хокинг. Арбаға таңылған азаматтың әлемдегі ғылымға әкелген жаңалығын айтсам, таңды таңға ұруға тура келеді, бастысы, ағат кеткен жері жоқ. Бейжіңдегі саммитте былай деді ғалым: «егер адамзат баласы табиғи ресурстарды бүгінгідей пайдалана беретін болса, 2600 жылы Жер планетасы отты шарға айналып тіршілік толық тоқтайды. Сондықтан, адам баласы түгел жойылып кетпесін десек, қазірден бастап өмір сүруге қолайлы басқа планета тауып, адамдарды соған көшіру керек, зерттеулер бойынша ең оңтайлысы Альфа Центавра жұлдызы» деді.

Аталған Альфа Центавраға ұшатын спутник 2016 жылдың сәуір айынан бастап жасалып жатыр. 1 адам сағатына 30 литр оттегін жұтып, 25 литр көмірқышқыл газын шығарады екен. Қазір әлемде 500 миллион автокөлік бар екен, 2030 жылы экологияны ластайтын темір техника саны 1 миллиардтан асады деген болжам бар. Тиісінше, ормандар оталған сайын демалуға қажетті ауа азая береді. 1952 жылы Лондонның аспанын қою қара тұман басып қалған, 1 аптада сол лас ауамен демалған 4 мың адам қайтыс болды. Экологиялық апатқа тап болған Мексикада жылына 6400 адам лас ауамен уланып көз жұмады екен. Оттегін беретін ормандарды отай берсек, Мексиканың күйін тұтас әлем кешетінін аңғару үшін ғалым болудың қажеті жоқ. 1 жылда 1 отбасы 1 тонна тұрмыстық қалдық тастайды, оның жартысынан астамы қайта өңделмейді. Жылына теңізге 7 миллион тонна қоқыс тасталады екен, қазір жиналған қоқыстардан аралдар пайда болыпты. 1960 жылдары адамдардың әрекетінен табиғатқа келтірілген залал 50 миллиард долларды құраған, 1980 жылдары бұл көрсеткіш 100 миллиард долларға жеткен. 1990 жылдары адамдар қоршаған ортаға 300 миллиард доллар залал келтірген. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 триллион долларды құрады. Ең өкініштісі, табиғатқа келген залалды ақшамен оңалтып алуға болмайды. Мұның бәрі ресми ақпарат. Салдарынан сағат сайын жер бетінен ірілі-ұсақты 3 түрлі тіршілік иесі жойылып кетеді. Жылына Жер планетасы 27 000 тіршілік иесінен мәңгілікке қол үзеді. Бұл - аңдар, жәндіктер, өсімдіктер. Бұл апаттан аман қалу мүмкін бе? Біздің ғалымдар нендей болжам айтады? Гүлжазира Ғалиқызынан білейік...

 

Хабарламаларға жазылу