Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Елді жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірі басталды. Шара барысында онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылмақ.
2017 жылдың басынан бері елімізде жалпы құны 1,9 триллион теңгені құрайтын 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған.
Бүгінгі телекөпір барысында «Қазақалтын Технолоджи» компаниясы Ақсу ауылында алтын өндіру фабрикасын іске қоспақ. Ақтөбе облысында машина жасау және металл өңдеу секторында мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбырлар шығарумен айналысатын «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС зауыты ашылады. Атырау облысында («Жігермұнайсервис» ЖШС) роботты дәнекерлеу әдісімен металл құрастырмалары өндірісі жұмысын бастайды.
Тамақ өнеркәсібінде және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде Солтүстік Қазақстан облысындағы «Маслодел» ЖШС «Тетра Пак» ЖШС жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған сүт зауытын ашады. Жамбыл облысында «Оргстрой» ЖШС гранит, мәрмәр және гипс өндіру, жарылғыш құрылғыларды өндірудің жаңа технологиясын өңдеу жөніндегі өндірісін іске қосады. Қарағанды облысында ескі көліктерді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын «Recycling Company» ЖШС жұмыс істей бастамақ. Өндірістік мекеме жылына тозығы жеткен автокөліктердің 50 мыңын қайта өңдеуге қауқарлы.
Сондай-ақ, Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы жұмыс істей бастайды.
Айта кетейік, «Елді жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірін «Qazaqstan» арнасы бүгін 22:00-де көрсетеді.