Тегінде қарапайым елдің қалтасын теспей соратын банктер тап бір қамал сынды, шапқанда алдырмайтын, тірескеннің тірсегін қиып түсердей күшті көрінетін еді. Бірді онға, онды жүзге, жүзді мыңға, мыңды миллионға, миллионды миллиардқа айналдырып, көктен көк қағаз жауғандай есеп-қисаптарын нөлі көп сандармен санайтын банктерде тым осал болып шықты. Бұған дейін «банкті тонауға әрекет жасаған пәленше құрықталды» немесе «қарақшылық жасаған тентекті тезге салу үшін тәртіп сақшылары ұстап әкетіпті» дегенді жиі еститінбіз.
Тамызда болған тонау банктердің аузын айға қаратып, қарапайым елді сең соққан балықтай сенделтіп тастады. Өйткені, тал түсте төбеден түсіп 40 миллион теңгені үптеп кеткендердің тірлігі бізді тап бір Голливуд фильмдерін көріп отырғандай әсерге әкелді.
Ел 40 миллион теңге қолды болған таспаны түгел талдап, тәртіп сақшылары сай-саланы, айналаны ақтарып жатқанда тағы бір қаржылық ұйым тоналған.
Жалаң қолымен әйнекті қиратып бір кассаны бір-ақ қотарған қарақшы бәрібір 5-6 жылға сотталатынын анық аңғарып, бетперде киіп жасырынып та жүрмеген.
Қарақшының қылығын барлығы ақтап алуға тырысқандай көрінеді. Ағаттық кімнен кетті? Қарапайым елдің қалтасын теспей соратын банктер неге қауіпсіздікті қаперіне алмайды? Апта бойы ел кезіп зерттеу жасаған Гүлжазира Ғалиқызы айтады...