Қазбек Майгелдинов: Қырғыз елінің жіберген нотасынан саяси астар іздеп қажеті жоқ (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазбек Майгелдинов: Қырғыз елінің жіберген нотасынан саяси астар іздеп қажеті жоқ (ВИДЕО)

20.09.2017

Бүгін күннің басты тақырыбы – көрші Қырғыз елінің бізге деген саяси өкпе-реніші. Қырғыз билігі бүгін қазақ билігіне наразылық білдірді. Дәлірегі, көрші елдің Сыртқы істер министрлігі Бішкектегі Қазақстанның уақытша өкілі Рымтай Кәріпжановты шақыртып алып, қолына нота тапсырған.

Бұл наразылыққа қырғыз президенттігіне кандидат, парламенттегі «Атажұрт» фракциясының жетекшісі Өмірбек Бабановтың Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі себеп болған. Қырғыз билігінің бұл қадамын қалай түсінеміз? Студияға Елбасы кітапханасы талдау орталығының аға сарапшысы Қазбек Майгелдинов келіп, пікірімен бөлісті.

Арадан ешқашан қыл өтпеген қазақ пен қырғыздың арасындағы түсініспеушілікке не себеп болғанына тоқталған сарапшы:

«Бауырлас қырғыз халқына Қазақстан үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан, Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бүгінгі жіберген нотасын түсініспеушілік деп түсінуге болады. Бұл жерден саяси астар іздеп қажеті жоқ. Себебі, Елбасы Алматы, Астанада өткен Қырғыз елінің басшысымен кездесулерінде алдағы сайлауларда сайланатын Қырғыз елінің кез келген президентімен өзара байланыс орнатуға әрдайым дайын екенін айтқан болатын»,-дейді.

Қазбек Майгелдинов хабар барысында Қырғызстанның сайлау комиссиясының бұл оқиғаға қатысты пікірін де жеткізді.

«Қырғызстанның сайлау комиссиясы бұл мәселе тұрғысында ресми ұстанымын айтты. Яғни, бұл кездесу сайлау заңының ешқандай тармақтарына қайшы келмейді. Ол жерде былай деп жазылған: «Үгіт- насихат материалдарында сайлауға үміткерлер Мемлекет басшыларымен бірге түскен фотосуреттерін қоюға тыйым салынған». Ал, бұл кездесудің фотосуреттері Қазақстанның ресми сайттарында жарияланды. Яғни, бұл біздің ішкі мәселеміз. Бұл өзге мемлекеттің ішкі мәселесіне түрткі бола алмайды».

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу