Әйгерім Ибраимова осыдан 5 жыл бұрын болған оқиғаны әлі күнге дейін ұмыта алмайды. Ол қаңтар айының 17-сі күні Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының перзентханасында егіз ұл табады. Келіншектің толғағы ауыр болады. Дәрігерлер «егіздердің біреуі тіпті шетінеп кетуі мүмкін» деп ескертеді. Алайда, екеуі де аман-есен дүниеге келеді.
Туа сала егіздерді Әйгерімнің енесі көрген еді. Ал, келесі күні «ұлдардың бірі қайтыс болды» деп , анасына тек біреуін ғана алып келеді. Енесі әкелген баланың өз немересі емес, бөтен екенін іштей сезеді. Бірақ, туыстары басу айтып, перзентханадан үйге шығады. Алайда, Ибраимовтардың отбасының күдігі әлі күнге дейін сейілген жоқ.
«Перзентханаға мен, күйеуім, ұлым, қайын ағам бардық. Баланың мәйітін алып шықтық. Сәбиді үстелдің астына жәшікке салып қойған екен. Мүрдені алып, көлікке міндік. Жолда баланың бетін ашып қарасам түнде көрген балам емес, беті үлкен, сап-сары бала», - дейді Әйгерімнің енесі.
«21 жасымда босандым. Бұл - тұңғыш балаларым еді. Баламның қайтыс болғанына күмәнім бар. Өйткені, оның тірі екенін сеземін», - дейді Әйгерім Ибраимова.