«Айтуға оңай...». Егіздердің сыңарын жоғалтқан ананың мұңы (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Айтуға оңай...». Егіздердің сыңарын жоғалтқан ананың мұңы (ВИДЕО)

20.07.2017

Сағира Атагелдиева осыдан 34 жыл бұрын Алматы облысы Іле ауданы Ақшие ауылының перзентханасында егіз қыз тапқан. Біріне Лунара, екіншісіне Динара есімін берген. Бірақ, балаларды туа сала анасынан бөліп алып кеткен. Бірінші көргенде қыздары бір-біріне қатты ұқсайтын. Ал, келесі күні қараса, егіздердің сыңары тіпті басқа. Мұны байқай сала Сағира дабыл қағады. Алайда дәрігерлер көп ұстамай үйіне шығарып жібереді. Үйге келген соң егіздің сыңары Динара қатты ауырып, бір айға жетпей шетінеп кетеді.

Арада біраз жылдар өтіп, бұл оқиға ұмытыла басталған еді. 10 жасқа толып қалған Лунара ауылға қыдырып барған кезде балалар оны Динара деп атайды. Түсінбеген Лунара сол Динара деген қызды іздеп барса ол отбасы сол туні көшіп кеткен. Міне, сол күннен бастап Лунара сыңарының тірі екенін біліп, әлі күнге дейін іздеп жүр.

«Егер де егіздің сыңары табылып жатса, олар тек бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болса екен деймін. Ешкіммен жауласқым келмейді. Күйеуіме айтатынмын «көкейімде күмәнім бар» деп. Ол мені жұбататын. Қазір қайтыс болып кетті. Бірақ уақыт өтсе де ойыңнан кетпейді екен», - дейді Сағира апай.

Хабарламаларға жазылу