«Айтуға оңай...». Сыдық Дәулетов: Адам кәсіп істеп, еңбек ақысын алса шаршамайды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Айтуға оңай...». Сыдық Дәулетов: Адам кәсіп істеп, еңбек ақысын алса шаршамайды (ВИДЕО)

12.07.2017

Сыдық Дәулетов ата кәсіпті жалғастырып келеді. Ол еліміздің мал шаруашылығының дамуына үлес қосып жүр. Бала күнінде «40 түйем болса» деп армандайтын еді. Ал, қазір алдына салған 5 мың түйесі бар. Түйе саны бойынша ол әлемде екінші орында. Ал, өз елімізде оның алдына түсетін ешкім жоқ.

«Дәулет-бекет» түйе шаруашылығы 28 мың гектар жерді алып жатыр. Мұнда малды баптап, күтуге арналған арнайы 20 қора бар. Түйенің бәрін бір жерге топтастырып, қамай салмай оларды жас бойынша бөлек ұстайды. Негізінен, түйе қысы-жазы далада жайылады. Тек жауын-шашын кезінде ғана қолда болады. Екі жылда бір төлдейтін болғандықтан, түйе бағуға төзім мен шыдам керек.

«Көзімді ашқалы әке-шешемнің қорасында 3-4 түйесі болды. Егемендік алып, нарықтық экономикаға шыққанда «40 түйем болса, жаман болмаспын» деген ой келді. Ол қолымнан келетін іс. Бала күнімнен түйе көріп, қасында ойнап, өскен баламын және де бұл үлкен ата кәсіп. Мен айналыспағанда кім айналысады? Бәрімізге бірдей қалада жұмыс жоқ. Әке-шешем сол 3-4 түйемен бізді өсірді, оқытты.

Қазақтың төрт түлігін бөліп-жаруға болмайды. Бірақ, түйе шаруашылығы өзіме жақын. Түйенің пайдасын адамзат енді түсініп келе жатыр. Себебі, біздің ағзамыз сүтке жақын. Сондықтан оның келешегі зор. Мысалы, көрші Қытайда түйе сүті 8 мың теңгені, ал Еуропада 12-15 мың теңгені құрайды. Ал, бізде 500 теңге. Халқымыз осы нәрлі түйенің немесе биенің сүтін ішіп өссе, ұрпақтарымыз «елім, жерім» деп өсер еді.

Өзіме келетін болсақ, Өзбекстан елінің Қарақалпақстан автономиясында туып, өстім. 90-шы жылдары әкем «Балам, елге барайық», деді. Ол кезде мен 26 жастамын. Көшіп келіп, үй алдық. Әкем тек түйе сүтінің жоқтығына үйрене алмады, «ол болмаса, қайтамын» деді.

Көшіп келген жылы жол жөндейтін компанияда дәнекерлеуші болып істедім. Түйе алуға қаражат жоқ. Қазір айтсаң, ешкім сенбейді. 1993 жылы жұмыстан қысқартты. Шиіттей 3 балам, әке-шешем бар. Сосын қолдан келетіні - тамақ жасау. Әйелім екеуміз таңғы 4:00-те тұрып, манты жасап, базарға апарып сататынбыз. Адам кәсіп істеп, еңбек ақысын алса ол шаршамайды. Сондағы мақсат – әкеме түйе алып беру еді. Сөйтіп, 1995 жылы әкем үшін бір түйе сатып алдым. Әкемнің көңілі орнына келді.

Бәрі де осылай басталды. Әкем 3-4 түйе болғанын көріп кетті. «Осы түйеден айырылма, одан жаман болмайсың», деп батасын беріп кетті», - дейді Сыдық Дәулетов.

Бағдарлама мұрағаты

Хабарламаларға жазылу