Амангелді Кеңшілікұлы: Қазіргі кезде ақылы мен интеллектуалдық потенциалы бар адамның мына қоғамға керегі болмай отыр (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амангелді Кеңшілікұлы: Қазіргі кезде ақылы мен интеллектуалдық потенциалы бар адамның мына қоғамға керегі болмай отыр (ВИДЕО)

24.06.2017

«Парасат майданының» кезекті санында «Жоғалтып алған ұрпақтар» тақырыбы қозғалды. Хабарда Амангелді Кеңшілікұлы мен Алмат Исәділ ойларын ортаға салды.

Бойында талабы мен таланты бар,елі мен адамзатқа қызмет қылсам екен деп өмір сүрген, бірақ, соны жүзеге асыра алмай кеткен ұрпақты жоғалған ұрпақ дейміз. Қандайда бір мемлекетті жемқорлық, алаяқтық жағаласа, мемлекеттің өз еркі өз қолында болмаса,  сан қилы ұрпақтың тағдыры күл болып көкке ұшады.

Біздің отарлық тарихымызда, қазіргі заманымызда қаншама ұрпақтың тағдыры осылай өтіп жатыр? Осы біздің әдебиеттен көрініс тауып жатыр ма?

«Тұлға жоғалғаннан кейін әдебиетке тобыр келді. Тұлғаның құрып кетуіне, оның  қоғамда өзінің орнын ала алмауына  көп жағдайда тобырдың үлкен әсері бар. Өйткені, 90-шы жылдары келген буын көп қиыншылықтарды көрді.  Менің ойымша, 20-шы ғасырдағы әдебиет үлкен адасушылық әдебиеті болды. Достоевский қайғы-қасірет арқылы адам тазара түседі, ізгілікке жетеді,- деді. Бірақ, шындығында қайғы-қасірет адамның жанын қарайтып жібереді.  Ол кез келген ұлтты бүкіл адамдық қасиетінен айырады. Ондай ұлттың еңсесін тіктеп, бірдеңе айта алуы қиын нәрсе.

90-шы жылдары біздің әдебиеттегі тұлғаларға қайғы-қасірет үлкен ықпалын тигізді. Олар заманның қиындығына шыдай алмай, үлкен әдебиетті жасаудың орнына көбісі әкімдерді жағалап роман жазып, мүшәйраларға қатысып, біреулерді дәріптеп, ұсақталып кетті. Былайша айтқанда, құндылықтар жоғалды.

Ал, қазіргі кезде ақылы мен интеллектуалдық потенциалы  бар адамның мына қоғамға керегі болмай отыр. Өйткені, қоғам өзінің әрекеттерін функционерлер арқылы іске асырып жатыр», - дейді Амангелді Кеңшілікұлы.

Хабарламаларға жазылу