Анар Жайылғанова: Дамыған елдер қатарына қосылғымыз келсе, латын әліпбиіне көшкен дұрыс

10.05.2017

Бүгін «Таңшолпан» төріне Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Анар Жайылғанова келді.
Аталған бағдарламаның қонақжай студиясында Елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласы, латын әліпбиіне көшу, 100 жаңа есім жайлы сөз қозғалды.

Сұхбат барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты рухани жаңғырумен байланысты Елбасының бастамасын қолдайтынын айтып, өз пікірін білдірді.

«Бұл мақала жай ғана мақала емес. Оны бағдарламалық мақала деп те айтуға болады. Өйткені, онда көп мәселелер қамтылған. Мақаланың өзі «біз саяси жағынан, экономикалық жағынан, әлеуметтік жағынан осы ширек ғасыр ішінде ұшан-теңіз жұмыстар атқардық» деп басталады емес пе?! Аталған жұмыстардың барлығы жасалғаннан кейін ендігі кезекте рухани жаңғыру қажет секілді. Тарих, мәдениет жайлы сөз қозғаған кезде әдетте батырларымызды, күйшілерімізді, ақын-жазушыларымызды айтамыз. Енді атадан қалған сол мұраны бүгінгі күнге үйлестіріп, ары қарай алып жүрсек деген мақсат тұр. Менің ойымша, Елбасының терең ойы осында жатқан сияқты».

Сонымен бірге студия қонағы латын әліпбиіне көшудің қажеттілігіне ерекше тоқталды.

«Мен латын әліпбиіне көшу ұсынысын қолдаймын. Біріншіден, бұл технология тілі. Екіншіден, халықаралық тіл ретінде қалыптасқан ағылшын тілі де латын әліпбиінде. Алайда, кирилл әліпбиінде жазатын, оқитын қазіргі буынға осы процесс қатты қиындық тудырмас үшін бастапқы кезеңде кирилл мен латын әліпбиі қатар жүргені дұрыс. Жалпы, бұл жастар үшін жасалып жатқан мәселе болғандықтан қажет нәрсе. Егер біз дамыған елдер қатарына қосылғымыз келсе, осы секілді дүниежүзілік үрдістерден қалмауымыз қажет. Сол себепті латын әліпбиіне көшкен дұрыс», - деді Мәжіліс депутаты.

 

 

Хабарламаларға жазылу