Таң атпай тыңдармандарын жағымды дауыстарымен оятатын Қазақ радиосының редактор-жүргізушілері Мұхамедияр Рашай мен Әйгерім Оралбекқызы бүгін көрермендерімен қауышты. Олар Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болып, бас радионың жаңалықтармен бөлісті.
«Бұған дейін біздің таңғы эфир сағат 7 мен 9 аралығында болатын. Соңғы 1 ай көлемінде таңғы 6-дан бастап 4 сағат тікелей эфирге шығамыз. Біз тыңдармандарымызды ауылдан немесе қаладан деп бөлмейміз. Дегенмен, соңғы кездері бізге қоңырау шалушылардың дені - қалалықтар» - дейді Мұхамедияр Рашай.
Қазіргі таңда Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы - қазақ тілді радиоарналардың ішінде көш басында тұр. Бұл сараптаманы «TNS Central Asia» зерттеу орталығы шығарған. Радиолардың мұндай нәтижеге жетуі - жаңа форматқа көшкендігінде.
Тағы бір қуанышты жайт, радио тек қазақстандық қана емес, алыс-жақын шетелдерден де тыңдармандар жинап үлгергендігін радио қызметкерлері тілге тиек етті.
Айта кетейік, ұлттың үнжариясы жаңа формат негізінде жұмыс бастағалы бері 24 сағат бойы тікелей эфирге шығады. Сондай-ақ күн сайын тыңдармандарға әдемі әуен мен ұлттық мүдде тұрғысындағы мазмұнды хабарлар ұсынып келеді.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Мұхамедияр Рашай: Радиоға ең көп қоңырау таңғы 6 мен 7-нің аралығында соғылады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/112639/)