Әлиайдар Махаев: Шартты түрде бас бостандықтан айырылуым студент қызыма зиян келтіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлиайдар Махаев: Шартты түрде бас бостандықтан айырылуым студент қызыма зиян келтіріп жатыр

18.04.2017

«Қазақстан» Ұлттық арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасының кезекті шығарылымында «Түрмеден кейінгі өмір» атты тақырып қозғалды. Бұл шығарылымда сотталып шыққан адамдардың жұмысқа орналаса алмауы, оларға бостандыққа шыққаннан кейін қандай көмек көрсетілетіні жайлы талқыланды.
Сондай-ақ, бағдарлама жүргізушісі Бейсен Құранбек бас бостандығынан айырылған адамдардан бөлек, көп адамға жақындарының сотталғаны өз зиянын тигізіп жататынын тілге тиек етті.
«Сот үкімінде көлік жүргізу куәлігінен айырылмайтыным жазылған. Бірақ, кейін одан 2 жылға айырылып қалдым. Айырылу мерзімінің аяқталуына әлі 8 ай уақыт бар. Міне, содан бері жұмыссыз қалдым.
Сонымен қатар, университетте оқитын қызыма менің шартты түрде бас бостандықтан айырылуым зиян келтіріп жатыр. Ол да жұмысқа орналаса алмай жатыр. Себебі – әкесі сотталған», - дейді Әлиайдар Махаев.
«Айтуға оңай» бағдарламасына келген прокурор маманнның айтуынша, әкесінің сотталуына байланысты қызды жұмысқа алмау – ол жұмыс беруші тарапынан құқықбұзушылық.
Ал, Алматы қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметкері Арай Смағұлова да қызды жақындарының сотталуына байланысты жұмысқа алмау Еңбек кодексіне сай келмейтінін атап өтті.
«Сондықтан мұндай жағдайда жұмысқа қабылданбаудың себебін жұмыс берушіден жазбаша түрде алу қажет», - дейді маман.
Айта кетейік, Әлиайдар Махаев екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Хабарламаларға жазылу