«Аялаған Астана-2017» Балалар арасындағы V республикалық телевизиялық байқауының Гран-при иегері анықталды. Ол - Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша қаласынан қатысқан үміткер Әмина Жапар.
«Мен өзімнің көпбалалы отбасынан екенімді мақтан тұтамын. Үш сіңлім - ең жақын құрбыларым. Әлемге танымал жұлдыз болып, сіңлім Леминаны емдеткім келеді. Өзімнің байқаудағы өнерімді соған арнаймын», дейді ол.
Сондай-ақ, жас үміткер «Аялаған Астана» байқауын бес жылдығымен құттықтады. «Байқау жалғасын таба берсін. Соның арқасында біз сияқты балалар өзінің арманына бір табан жақындай түседі», деген ықыласын білдірді.
Әмина Жапар байқау сахнасында В.Цойдың «Кукушка» әнін орындады. Қазылар алқасының мүшесі Маржан Арапбаева оның жеңіске деген құштарлығының зор екенін атап өтті.
Айта кетсек, жас таланттардың өнерін әнші, тележүргізуші Гүлнұр Оразымбетова, әнші Рүстем Жүгінісов, әнші, композитор, продюсер Маржан Арапбаева, Халықаралық «Новая волна» байқауының бас продюсері Александр Румянцев, «Аялаған Астана» байқауының бас продюсері Лина Арифуллина бағалады. Ақтық сайысты «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.
12 үміткердің арасынан үздік шыққан Әмина Жапар енді «Новая волна-2017» байқауында ел намысын қорғайтын болады.