Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин өмірден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин өмірден озды

12.02.2017
Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин өмірден озды

Ақпанның 11-нен 12-іне қараған түні 57 жасқа қараған шағында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің басшысы Қозыкөрпеш Жаңбыршин өмірден озды. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды. Берілген мәліметке сәйкес, Қозыкөрпеш Есімұлы жүрек сырқатынан қайтыс болған. Cоңында әйелі, үш баласы қалды.

Қозыкөрпеш Есімұлы Жаңбыршин 1960 жылы 2 шілдеде Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында туған. 1982 жылы Мәскеу экономика-статистика институтын (МЭСИ) «экономист-математик» мамандығы бойынша бітірген.

1987-1990 жылдар аралығында - МЭСИ аспиранты. Экономика ғылымдарының докторы, диссертациясының тақырыбы: «Гетерогенді әлеуметтік-экономикалық жүйелер: стратегиялық басқару теориясы мен әдістемесі» (2003). 1982-1983 жылдары ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау жанындағы Жоспарлау және басқару процестерін автоматтандыру ғылыми-зерттеу институтының инженері болып жұмыс істеген.

1983-1987 жылдар аралығында - ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау мекемесінің экономисі және аға экономисі. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік экономика жөніндегі комитеттің бас маманы болып жұмыс істеген. 1992-1993 жылдар аралығында - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің консультанты.

1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Экономикалық консультанттар кеңесі басшысының орынбасары лауазымын атқарған. 1994-1995 жылдары - Қазақстандағы Еуропа қауымдастықтары комиссиясы бюросының ұлттық директоры. 1995-1997 жылдар аралығында - Алматы қаласы Экономика жөніндегі комитеттің төрағасы.

1997-2003 жылдар аралығында - Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2003-2007 жылдар аралығында - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. 2007 жылғы ақпаннан бастап - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары.

2009 жылғы қыркүйектен бастап - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының меңгерушісі. Мемлекет басшысының 2014 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы болып тағайындалған.

«Құрмет» орденімен (2005), III дәрежелі «Барыс» орденімен (2012), 10 мерейтойлық және ведомстволық медальмен, соның ішінде Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының медальдарымен марапатталған.    

inform.kz 

Хабарламаларға жазылу