Астанада қарашаның 5-6 аралығында Алматы қаласының Мәдениет күндері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қарашаның 5-6 аралығында Алматы қаласының Мәдениет күндері өтеді

01.11.2016
Астанада қарашаның 5-6 аралығында Алматы қаласының Мәдениет күндері өтеді

Астанада қарашаның 5-6 аралығында оңтүстік астананың Мәдениет күндері өтеді. 5 қарашада «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесі және қала тарихы мұражайының қорынан экспонаттар ұсынылатын фотокөрме ашылады.

Көрме экспозициясы Жетісу мен Алматының сол уақыттан бүгінгі күнге дейінгі кезеңі бейнеленген бірегей тарихи фотосуреттерден құралған. Сондай-ақ, келушілерге қала ішімен 3D-тур ұсынылады, онда мегаполистің ең танымал мәдени нысандары енгізілген. Көрме 2016 жылдың 5 желтоқсанына дейін жалғасады.

5 және 6 қарашада Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Алтын Адам» эпикалық спектаклі және мерекелік «Куклы шоу» спектаклі қойылады. Шараны ұйымдастырушы - Алматы қ. Мәдениет және мұрағаттар басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры. Сондай-ақ, театр фойесінде екі күн бойы қуыршақтар көрмесі өтетін болады.

5 қарашада сағат 15.00-де Ұлттық кітапханада жас ақындар Ғалым Жайлыбай, Маралтай Ыбыраев, Қасымхан Бегманов, Жанарбек Әшімжанов елорда жастарымен кездеседі.

Шаралар бағдарламасы 5 қарашада 18:00-де Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты гала-концертпен аяқталады. Концерттік бағдарламада Алматы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі және Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетеді.

astana.gov.kz

Хабарламаларға жазылу