Дәурен Абаев: Бүгін баршамыз спортшыларымызға бір кісідей қолдау көрсетейік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәурен Абаев: Бүгін баршамыз спортшыларымызға бір кісідей қолдау көрсетейік

29.10.2016
Дәурен Абаев: Бүгін баршамыз спортшыларымызға бір кісідей қолдау көрсетейік

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгін Алматыда өтетін бокс кешінде отандық спортшыларымызға сәттілік тілеп, оларға бір кісідей қолдау көрсетуге шақырды.

Бұл туралы министр өзінің «Фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Қымбатты достар! Талантты боксшымыз Қанат Исламның ганалық Патрик Аллотеймен жекпе-жегіне санаулы сағаттар қалды. Бокс кешін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр.

Қанат - жастарымыз үшін патриоттықтың үлгісі. Оның өзге елдегі зор мүмкіндіктерден бас тартып, атажұртына оралуын, сонымен қатар, еліміздің атағын шығаруға талпынуын үлкен азаматтық деп білемін.

Осындай намысты жігіттеріміздің арқасында Қазақстан әлемге танылуда. Өскелең ұрпақ салауатты өмір салтына, спортқа құлшынуда. Осының барлығы - биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған қастерлі Тәуелсіздігіміздің жемісі. Қанатқа және осы кеште бақ сынайтын басқа да боксшыларымызға сәттілік тілеймін! Бүгін баршамыз бір кісідей спортшыларымызға қолдау көрсетейік», - делінген онда.

Еске сала кетейік, бүгін «Алматы арена» спорт сарайында Қанат Ислам мен Патрик Аллотей WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласады.

Бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Патрик Аллотей осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізіп, 34-інде қарсыластарынан басым түскен. 

Бұл бокс кешінде Қанат Исламнан басқа, Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Әли Ахметов, Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы және Жәнібек Әлімханұлы есімді жерлестеріміз шаршы алаңға шығады. Бұлардың арасында Жәнібек бірінші рет өзін кәсіпқой рингте сынамақ.  

Трансляцияның басталуы 17:50-де. Сондай-ақ, kaztrk.kz  сайтында онлайн-көрсетілім жүргізіледі. 

 

Хабарламаларға жазылу