ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткізіліп жатқан Үкімет отырысында 2016 жылдың алғашқы 9 айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалу қорытындысы жарияланды.
Б. Сұлтанов «Нұрлы жол» бағдарламасы іске қосылып, осы жылдың алғашқы 9 айында жылдық көлемнің 70 пайызы пайдаланылғанын хабарлады.
Қаржы министрінің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының бюджетті бөлігін игеру динамикасы жақсы деңгейде жүргізілуде.
«Әкімшілер тарапынан ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін толық көлемде қаржы бөлінді - Астана қаласының халықаралық әуежайы, «Жезқазған-Бейнеу» және «Алматы-Шу» темір жол желілері, Құрық портындағы паром кешені, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА инфрақұрылымдары. Бұл жобалар болашақта мультипликативті әсерін тигізеді», – деді Б. Сұлтанов.
Министр өз уақытында өңірлерге бөлінген қаржы тұрғын үй құрылысына және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, білім беру инфрақұрылымын дамытуға жіберілетіндігін айтты.
Жергілікті органдар 161,6 млрд теңгені немесе бөлінген қаржының 97,1%-ын игерді. Игерілмеген әлі 3,7 млрд теңге бар.
«Жалпы алғанда, игеру тиімді кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр. Қалған қаржы жыл соңына дейін тепе-тең бөлінді», – деп сөзін түйіндеді Б. Сұлтанов.
primeminister.kz