2016 жылы «Самұрық-Қазына» «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 10 мың пәтердің құрылысын қаржыландырады

08.06.2016
2016 жылы «Самұрық-Қазына» «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 10 мың пәтердің құрылысын қаржыландырады

«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік» АҚ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 490 мың шаршы метр болатын 10 мың пәтердің құрылысын қаржыландырады. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Мамыталиев мәлім етті.

«Биыл Жылжымайтын мүлік қоры «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға кіріседі. Бұрын қор бұл бағдарламаның операторы болған жоқ еді», - деді Б.Мамыталиев.

Оның айтуынша, биыл ақпан айында ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикадағы ауыр кезеңдерге байланысты жеке құрылыс салушыларды қолдау бағдарламасы арқылы құрылыс саласына жан бітіруді тапсырған болатын. Осы мақсаттарға Жылжымайтын мүлік қорына 97 млрд теңге бөлінді. 
Қаржы 10 жылдық мерзімге дейін берілмек.

«Жылжымайтын мүлік қоры тұрғын үй құрылысын жүргізуді құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік принциптері бойынша ұйымдастырады. Оларға 24 ай ішінде жоба аясында салынған пәтерлердің барлық пулын сатуға құқық беріледі. Егер жоба уақытында бітпесе, аталған нысан қордың иелігіне 20 пайыздық жеңілдікпен беріледі», - дейді Б.Мамыталиев.

Нысанды сапалы әрі мерзімінде аяқтай алған құрылыс компаниялары жаңа жобаларға тапсырыс ала алады. Осылайша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің уақытылы пайдалануға берілуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндіктер жасалып отыр.

Сонымен қатар, құрылыс компанияларына жаңа талаптар енгізілген. Олардың иелігінде инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымы бар жер телімі, сараптама жасалған жобалық-сметалық құжаттамасы мен 20 пайыз қаржылық үлесі болуы шарт.

«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік» АҚ биылдың өзінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 490 мың шаршы метр болатын 10 мың пәтердің құрылысын қаржыландырады», - деп атап өтті ол.

Хабарламаларға жазылу