Арайлым Әуезова  кикбоксингтен Әлем Кубогын иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арайлым Әуезова  кикбоксингтен Әлем Кубогын иеленді

30.09.2016
Арайлым Әуезова  кикбоксингтен Әлем Кубогын иеленді

Ресейдің Анапа қаласында кикбоксингтен ересектер арасындағы VII Әлем Кубогында Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының ІІ курс студенті Арайлым Әуезова жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі.

21-26 қыркүйек күндері Анападағы «Витязево» спорт кешенінде өткен байрақты бәсекеге 28 елден 200-ден астам спортшы қатысты.

Арайлым Әуезова 48 келі салмақ дәрежесінде үш белдесу өткізіп, жарыс жолында Үндістан, Беларусь және Ресей елдерінен келген қарсыластарынан басым түсті.

 «Әлем Кубогына қатысушылар кикбоксингтің барлық түрлері бойынша бақтары мен баптарын сынады. Әсіресе, «point fighting» және «К-1» нұсқалары аса тартысты өтті. Арайлым төбелесу тактикасы мен техникасының әдемілігі жағынан өзгелерден оқ бойы озып шықты», - дейді бапкері, Жамбыл облысының кикбоксингтен аға жаттықтырушысы Сәбит Усипов.

Жас спортшы бұған дейін кикбоксингтен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының алтын медаль иегері және аталған спорт түрінен ҚР Кубогы үшін жарыста 2-ші орынды қанжығасына байлаған.

Қазіргі уақытта жас спортшы 14-16 қазан күндері Алматыда өтетін республикалық «Үздіктер турниріне» дайындалуда.

Хабарламаларға жазылу