Апта басындағы айшықты оқиғаның бірі – Ұлттық арнаның жаңа телемаусымының тұсаукесерлік «Бұл – менің Қазақстаным!» атты кеші болды. Алматыдағы барша зиялы қауымның басын қосқан салтанатты жиында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бұл маусым ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналатындығын атап көрсетті.
Бір жағынан көрермендермен қауышу, екінші жағынан талғампаз ортаны шығармашылық бастамалармен таныстыру сипатында өткен кеш Ұлттық арнаның өткені мен бүгінін саралап, тамаша ұсыныстар, ақыл-кеңестерден де кенде болған жоқ.
Кешке «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова қатысып, зиялылармен дидарласып, жаңа маусымның жай-жапсары туралы кеңінен баяндады.
Мемлекет өмірінің айнасы іспеттес Ұлттық телеарна командасына Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, Төрегелді Шарманов, Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы сөз сөйлеп, өз салаларына қатысты ойларын ортаға салды.
Қарап отырсақ, Ұлттық арна – ұлт тұлғаларының да жүріп өткен жолының ғұмырнамасы. Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев мәдени бағдарламаларға қатысты пікірін айтып, өзі осы арнада 46 жыл әуелеткен «Атамекен» әнін шырқады.
Кеш барысында телеарна жетекшісі Н.Мұхамеджанова «Қазақстан» Ұлттық арнасының 2016-2017 жылдарға арналған тұсаукесерін өткізу – корпорация үшін бір жағынан үлкен жауапкершілік болса, екінші жағынан мерейлі міндет екенін айтты.
«Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойы қарсаңында мерекелік маусымдағы бағдарламалар мен телетуындыларды таныстыруды азаттыққа бесік болған ару қаладан бастағанды дұрыс санадық және таяу күндері Алматы өзінің 1000 жылдық тойын өткізеді. Он ғасыр бойы тарихтан ойып тұрып орын алған қаланың қуанышына үлес қосуды өзіміздің азаматтық парызымыз деп білеміз.
Үшіншіден, сонау 1958 жылы телевизия саласына бесік болған да осы қала. Соңғы жылдары біздің корпорация тұрақты түрде Астанада жұмыс істеп жатқанымен, Алматы біздің ұжым үшін ұшқан ұя, түлеткен ыстық мекен саналады. Тағы бір себепті айта кетейін, біздің Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша барлық хабарды мемлекеттік тілде таратып келе жатқанымызға биыл 1 қыркүйекте 5 жыл толды. Ұлттың зиялы қауымының қаймағы Алматыда топтасқан соң біз қазақ тіліндегі жаңа және жаңарған бағдарламаларымыз бен енді түсіріліп біткен телесериалдарымызды өздеріңіздің ақ баталарыңызбен бастағанды жөн көрдік», – деді Нұржан Жалауқызы.
Басқарма төрайымы телеарна өнімдеріне де тоқталды: «Телевизияның хабарлары берілуіне қарай күнделікті, апталық және бір жолғы болып бөлінетінін білесіздер. Біздің күнделікті берілетін бағдарламаларымыз «Таңшолпанмен» басталып, «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаевпен» аяқталады.
Оның арасында «Бірге таңдаймыз!» бен «Әйел бақыты», «Айтуға оңай…» бағдарламалары және бірнеше рет Жаңалықтар топтамасы қайталанады. Бұл бағдарламалар жаңа маусымда жалғасады. Көрерменге билікті неғұрлым жақындату биылғы жылдың басты ұстанымы болмақ. Бұған апта сайын шығатын «Серпіліс», «Қоғамдық кеңес» және «Сұхбат» бағдарламалары дәлел болады. Елбасы ел алдына қойған Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша қазір барлық аймақтарда қоғамдық кеңестер жұмыс істейді.
Мұнда талқыланған тақырыптар біздің апталық «Қоғамдық кеңес» атты жаңа бағдарламамыздың өзегіне айналады. Ал, әркім өз көкейінде жүрген сауалға тура жауап алуы үшін осы айдан бастап «Сұхбат» атты тікелей эфирде өтетін бағдарлама ашып жатырмыз. Жаңа маусымда талантты ақын Қалқаман Сарин жүргізетін «Ой-толғау» бағдарламасы эфирге шығады»,-деді Н.Мұхамеджанова.
Жеке жобаларға да тоқталған Басқарма төрайымы: «Телевизияны сынағандар көбінесе «бұлар шетел жұлдыздарына табынғыш» деп жатады. «Қазақстан» Ұлттық арнасы өз төрін тек ұлтымыздың өнерлі, талантты тұлғаларына ұсынады. Биылғы маусымда «Ұлы дала баласы» атты жоба табысты жүріп жатыр. Онда әнші Төреғали Төреәлі Қазақстанның бірнеше аймағында болып, ел өмірінің жақсылыққа қарай өзгергеніне куә болды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұл арнайы жобамыздың рейтингі өте жоғары. Ұлттық өнерге деген қамқорлықтың және бір көрінісі жақын күндері экранға жол тартатын «МузАРТ LIVE» жобасы. Ондаған жыл бойы баршаңызды әнмен тербеген аталмыш топтың мүшелері енді бүкіл қазақ даласынан өздері сияқты талантты жастарды іздейді»,-деді.
Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері Ұлттық арна отандық телесериалдар түсіруді қолға алғаны белгілі. Көрермен жылы қабылдаған «Сырғалым», «Қарашаңырақ», «Көк тарландары», «Аяулы арман», «Әпке» сынды сериалдар әбден таныс. Телеарна үстіміздегі жылдың басында ақын Жамбыл Жабаев туралы төрт бөлімді деректі де көркем фильм түсірген. Оның бір жарым сағаттық нұсқасы кинотеатрларда көрсетілді.
«Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолы ешкімнің ойынан шықпауы керек. Осыны ескере отырып, біз көпсериялы «Айман-Шолпан» телехикаясын түсірдік. Алдағы күндері эфирге шығатын тағы бір туынды «Шекара шебінде» деп аталады. Міне, мерейлі де мерекелі жылы сіздердің алдарыңызға ұсынатын өнімдеріміздің бір бөлігі осындай. «Бұл – менің Қазақстаным!» деп баршамыз мақтанып жүрейік!»,-деп сөзін аяқтаған Басқарма төрайымының сөзін тұлғалы азаматтар тамаша ой-пікірлерге ұластырды.
«Біз 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын осындай Ұлттық арнаны армандағанбыз!»,-деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Дулат Исабеков.
Айта кету керек, жаңа телемаусым кеші барысында Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері және «Құрманғазы» оркестрі мен «Хассақ» этнофольклорлық тобы өнер көрсетті. Танымал өнер адамдары әннен шашу шашты.