Бүгін «Қазақстан» орталық киноконцерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шара аясында байқауға қатысушы отбасылар осынау шараға ұйытқы болған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы ризашылықтарын білдірді.
«Маңғыстау облысының Қарақияқ ауданынан келдік. Байқауға қатысуға өзіміз бастамашы болмаған едік. Ауданнан, облыстан ұсыныстар түсіп, қатысып отырмыз. Алты балам бар. «Мерейлі отбасы» байқауы бүгінгі қазақстандық отбасылар үшін тәрбиелік мәні зор шараға айналды. Сондықтан, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған байқау ұйымдастырғаны үшін Елбасымызға шын жүректен ризашылығымды білдіремін», - Қалпақ Наурызмағанбетов.
Қарағанды облысынан келген Раковтар отбасы да мұндай байқауды өткізуге бастамашылық жасаған Елбасына ризашылығын білдіріп, барша қазақстандық отбасыларға бақ-береке тіледі.
«Біздің басты ерекшелігіміз – спорттық әулетпіз. 1974 жылдан бастап елімізде тіркелген дзюдо спорты бүгінде өте жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Біз саламатты өмір салтын насихаттаушылармыз. Қазақстандықтардың барлығы спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанғанын, маскүнемдікке, нашақорлыққа салынбауын тілейміз», - деді Сергей Раков.
«Біз Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласынан келген теміржолшылар отбасымыз, 7-і баламыз бар. Балаларымыз да теміржолда жұмыс істейді. Біздің әлеуметіміздің бұл саладағы жалпы жұмыс өтілі 545 жылды құрайды. Облыстық байқауда жеңіске жетіп, ақтық сайысқа келіп отырмыз. Біз осы жобаның қолға алынуына түрткі болған Мемлекет басшысына ризамыз. Өйткені, «Отан - отбасынан басталады». Сол себепті, бұл - отбасы құндылықтарын, тату-тәтті отбасын насихаттайтын өте жақсы жоба», - деді Құралай Түкібаева.
Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына келген Биғалиевтердің отбасы да «Мерейлі отбасы» байқауының әрбір қазақстандық отбасыға берер үлгі-өнегесі мол екендігіне сенімді.
«Бұл үлгілі отбасыларды таныстыруға мүмкіндік беретін өте жақсы шара деп есептейміз. Отбасы - шағын мемлекет. Демек, отбасының іргесі мықты, тату-тәтті болса, онда Қазақстан Республикасы да мығым болады», - деді Марат Биғалиев.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының бас жүлдесі ақтөбелік Нұсқабаевтар отбасына бұйырды. Г.Әбдіқалықова бұл отбасыға Қазақстанда шығарылған «Ивеко» шағын автобусының кілтін табыстады. Жалпы, марапаттау рәсімі барысында байқауға қатысқан барлық 16 өңірдің отбасыларына арнайы диломдар мен ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қорынан 300 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
ҚазАқпарат