«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының бас жүлдесі ақтөбелік Нұсқабаевтар отбасына бұйырды.
«Әрине, барлық отбасылар байқауға белсенді қатысты, әрі олар «Мерейлі отбасы» жеңімпазы атануға лайықты. Дегенмен, байқаудың аты байқау. Сондықтан, дауыс беру нәтижесінде Нұсқабаевтар отбасы жеңіске жетті», - деді жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысына орай жеңімпаз отбасын жария еткен ҚР Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кету керек, Ақтөбе қаласында өткен облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына 39 отбасы қатысты. Мұғалімдер мен дәрігерлер, спортшылар мен зияткерлер, ғалымдар арасынан II Дүниежүзілік соғыс ардагері Абдолла Нұсқабаевтың отбасы жеңімпаз атанған еді.
Бұл отбасында балалары мен келіндері, олардан тараған 29 немере, 19 шөберені қосқанда, 80 адам бар. Отағасы соғыстан кейін 46 жыл мектепте ұстаздық еткен. Жұбайы «Батыр ана». 70 жыл отасқан ерлі-зайыптылардың өмірі бүгінде көпшілікке үлгі.
Гүлшара Әбдіқалықова байқау жеңімпазы атанған Нұсқабаевтардың отбасына Қазақстанда шығарылған «Ивеко» шағын автобусының кілтін табыстады.
Жалпы, марапаттау рәсімі барысында байқауға қатысқан барлық 16 өңірдің отбасыларына арнайы дипломдар мен ҚР Тұңғыш Президенті қорынан 300 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
ҚазАқпарат