Қазақстан Премьер-Министрі Италияның Министрлер кеңесінің төрағасына көңіл айтты. Бұл туралы ол Twitter-дегі жеке аккаунтында жазды, деп хабарлады Pm.kz сайты.
— Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы @matteorenzi мен қайғылы зілзала салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамын.
— Карим Масимов (@KarimMassimov).
Алдында жойқын жер сілкінісіне байланысты Маттео Ренци мен Италия халқына көңіл айту жеделхатын Мемлекет басшысы жолдаған болатын. Қазақстан Президенті достас Италияға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізіп, табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Еуропалық EMSC сейсмологиялық орталығының мәліметінше, Италиядағы жер сілкінісінің магнитудасы 6,1 құрады. АҚШ геологиялық қызметі (USGS) жер асты дүмпуінің күшін 6,2-ге бағалады.
Жер сілкінісін Италияның көптеген қалаларының тұрғындары сезген, жер асты дүмпуі елдің астанасы – Римге де жеткен.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің саны нақтылануда.