«Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушылар жеңілдетілген визалық және еңбек режіміне ие болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Орталыққа қатысушылар мен олардың қызметкерлері корпоративтік және табыс салықтарын төлеуден босатылады. Олар үшін жеңілдетілген визалық және еңбек режимдері жұмыс істейтін болады. Жетекші қаржы астаналарымен арада тікелей әуе байланыстарын ашу да Астана әлемдік қаржы орталықтары тізбегінің авиациялық хабына айналдырады деп сенеміз», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдік қаржы орталықтарының тәжірибесін ескере отырып, АХҚО аумағында ағылшын құқығына негізделген айрықша құқықтық режим құру да қарастырылып отырғандығын мәлім етті.
«Орталықтың тәуелсіздігі инвесторлар мен бизнесмендер құқығының қорғалатындығына, ашықтығына, әділдігіне кепіл беретін болады. Бұл жерде бедел мен сенімге лайықты халықаралық төрешілер жұмыс істейді. Бизнес ахуалды жақсарту үшін АХҚО-ның жеке комитеті тәуелсіз қаржылық реттеуші құрылады. Өздеріңіз де білетіндей, Парламентте бұл орталықтың автономды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін арнайы конституциялық заң қабылданды», - деді Н.Назарбаев.