Кішкентай Бекзада Байдалы ерекше қабілетті. Ол 2 жастан асқанда 42 әріпті түгел жаттап алған. Бүлдіршін кез келген кітапті мүдірмей оқиды. 4-5-сыныптың оқушыларына арналған есептерді оңай шығарады.
Бос уақытында Абайдың «Қара сөздерін» оқиды. Кітапқа құмар бүлдіршін анасы жұмыс істейтін кітапханадан шықпайды. Қазір оның 100-ден аса кітабы бар. Дені – ертегілер, қалғандары танымдық, салалық оқулықтар.
Өз жасындағылардан ақыл-ой деңгейі жағынан асып түсетін балаларды вундеркинд дейміз. Акрит Ясвал әлемдегі ең жас дәрігер атанған үнді баласы. 5 жасында ол анатомияны жақсы біліп, Шекспирді оқыған.
7 жасында өзінің алғашқы хирургиялық операциясын жасады. Қазіргі таңда ол Үндістандағы медицина университетінің ең жас студенті. Ясвал қатерлі ісіктен қорғайтын дәрі ойлап табуды мақсат етіп отыр.
Қазақстан да жасынан озық болған дарындардан кенде емес. IT маманы, блогер Аршат Ораз да бір кездері вундеркинд оқушы болған. Мектеп бағдарламасындағы барлық пәнге қабілеті ерекше болған ол 6 жасында бірден 3-сыныпқа қабылданған.
Өзге де дарындар туралы толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.