Б. Байбек 70-тен астам мектеп оқушыларына «Үркер» төсбелгісін табыс етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б. Байбек 70-тен астам мектеп оқушыларына «Үркер» төсбелгісін табыс етті

12.05.2016
Б. Байбек 70-тен астам мектеп оқушыларына «Үркер» төсбелгісін табыс етті

Бұл белгіге 2015-2016 жылғы оқу жылында жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалардың 77 жүлдегері ие болды.  

Қала басшысы өз сөзінде үздік оқушылардың «Үркер» төсбелгісіне ие болып жатқандығы елімізде білім сапасының артып келе жатқандығын көрсететіндігін атап өтті.

«Соңғы бес жыл ішінде қалада білім саласын қаржыландыру екі есе артты, сөйтіп 57 млрд. теңгеден асты. Қала аумағының ұлғайып жатқанына қарамастан, 2020 жылға қарай, балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз етуді жоспарланып отырмыз», - деді Б. Байбек.    

Сонымен қатар, қала басшысының айтуынша, табысқа жетелейтін үш негізгі фактор бар. Олар: тәрбие, білім және еңбек.

«Бұлардың барлығы сіздердің бойларыңызда бар. Сондықтан, сіздерге оқуда жаңа табыстар тілеймін», - деді Б. Байбек.  

Айта кетелік, мамандандырылған Қазақ-түрік мектеп-интернатына биыл екінші рет «Үркер» белгісі табыс етілді. Өйткені, әр түрлі пәндік олимпиадаларда жүлде алған оқушылардың көпшілігі осы оқу орнында білім алады. 

«Біздің мемлекет басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Қазір білім саласында лайықты білім алуға барлық жағдай жасалып жатыр. Сонымен қатар, қажырлы еңбектері үшін оқытушыларға және қолдау көрсеткендері үшін ата-аналарымызға ризамыз», - деді аталмыш оқу орнының оқушысы Ғалымжан Балтабай.

 

Хабарламаларға жазылу