Абай мұражайы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған кеш өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай мұражайы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған кеш өткізді

12.05.2016
Абай мұражайы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған кеш өткізді

Абай мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы жырау ұлағаты» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мәшһүр жыр жампозы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының баурайында Жапа Ыстыбайұлының отбасында дүниеге келген. Жамбыл – өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. 13-14 жасынан бастап сөзінің көбін өлеңмен айтқан ақынның XIX ғасыр шегінде шығарған өлең-жырлары мен айтыстары да мол болған. Олардан дәуір шындығы, Жамбылдың ақындық мұраты мен зор таланты айқын танылады.

Тұңғыш шығармалар жинағы 1937 жылы жарық көрген. Одан кейінгі жылдары да таңдамалы шығармалары басылып шықты. Жамбыл шығармалары дүние жүзінде қырықтан астам тілге аударылған, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайты.

Кешке Жамбылдың ұрпағы дәстүрлі әнші Тілеуғазы Бейсембеков шақырылып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары, Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, жоғары және орта білім беру мекемелерінің студенттері қатысты.

Кеште ҚазИГЗУ филология факультетінің 3-курс студенттері Жамбыл өлеңдерінен әдеби монтаж орындаса, М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің студенттері орындауында «қазақ күйлерінен папури», жас ақындар Кенжебекұлы Қуандық және Іңкәрбек Әділханның орындауында Жамбылға арнау жыр оқылды. Сонымен қатар, М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің 3-курс студенті Д.Ағзамова Жамбылдың  «Сарыбайға» атты әнін орындады.

Кеште ақынның шығармашылығына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Хабарламаларға жазылу