«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі - табыс көзі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі - табыс көзі

19.10.2014
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі - табыс көзі

«Бір күндік жолға шықсаң, үш күндік жол азық ал», деген қазақ. Тегін айтпаған. Апан шұңқырлы жолдармен секіріп-селкілдеп, көлігің сынып далада қалғанда, бұл мақалдың дұрыстығына иланасың. Қазіргі «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» көлік дәлізінің орнындағы бұрынғы жолдардың сықпыты сондай еді. Білесіз.

Бұл дәліз Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа жолы болмақ. Бұрын тауарларды теңіз арқылы жеткізу үшін 45 тәулік кетсе, теміржол арқылы апаруға 15 күн жұмсалатын. Енді жол қысқарады, тауарды он-ақ күнде жеткізуге болады.

Қазақстан арқылы өтетін жолдың ұзындығы - 2787 шақырым. Құрылыс жұмыстары Ақтөбеден басталып, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан арқылы жүріп жатыр. Батыс пен Шығысты жалғаған Ұлы Жібек жолының қазір қарқыны қалай?

Күре жолдың бойындағы Қарабұтақ ауылы осы кезге дейін автокөлікті керек қылмаған ауылдардың бірі. Жағдайы жетпегеннен емес. Жолдың нашарлығынан. Халықаралық көлік дәлізінің арқасында қазір мұндағы жұрттың аяғы ұзарған. Алыстағы ағайынмен барыс-келіс жақсарды. Ауылдың ажары ашылып, тұрмыс жақсарып келеді.

Жалғасбек Төремұратов, Қарабұтақ ауылының тұрғыны:

Бұрын Ақтөбеге 10 сағат жүріп баратын едік. Онда да егер көлік жараса. Қиыншылық  шаш-етектен болды. Ал, қазір Ақтөбеге 2,5 сағатта  жетеміз.   

Ал, батысқа қарай сапарлап шыққан жүргізушінің ішінде Ырғыздың жолынан ығыры шықпағаны жоқ шығар,  сірә.  Сонысына қарап, бұл маң ел арасында «өлім жолы» аталып кеткен-ді. Қазір өлім емес, өмірге, келешекке бастайтын күретамырға айналды.  

Нұрлыбек Маханов, Ырғыз ауылының тұрғыны:

Жол салғаннан кейін екі үйдің бірінде көлік бар. Тұрмыс-тіршілігі жақсы. Бір-бірімен аралас-құраластығы да көбейді. Бұрынғыдай жол азабын тартып ауырсынбайды.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің игілігін көрген аймақтардың алғашқысы - Ақтөбе облысы. Ресей шекарасынан басталатын  628 шақырым жолдың құрылысы тұтас аяқталған. Жолдың жақсарғаны арқасында енді көлік нөпірі де артып отыр.

Бағлан Әуелбекұлы, «ҚазАвтожол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы:

Бұрын тәулігіне үш мың көліктен аспайтын еді. Қазір 12-13 мыңға жақындап қалды.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолы екі құрлықтың арасындағы сауда-саттықты жандандырумен бірге жолаушылар сапарының қауіпсіз болуына да жағдай туғызбақ. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы автокөлікке асу бермес аймақтардың бірінен саналатын Шақпақтың беліне тау қойнауын тесіп, жерасты өткелі салынып жатыр.

Ұзақтығы бір шақырымдай болатын тоннельдің арқасында енді қара жолды қармен үріп тастайтын бұрқасын жүргіншілерге қиындық тудырмайтын болды.

 Ғани Қалмаханов, тілші:

Мынау «Батыс Еуропа Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында, тіптен ел аумағында автокөліктерге арнап салынып жатқан ең алғашқы жерасты өткелі. Көліктер бір-біріне ерсілі-қарсылы кездеспей, бір бағытта жүруі үшін осындай екі бірдей өткел салынып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы аумағынан басталатын тоннель  Боралдайдың баурайын тесіп өтіп, Жамбыл облысы шекарасы маңынан бір-ақ шығады.

Мұхтар Дүйсенбеков, «ҚазАвтожол» АҚ ОҚО филиалының басшысы:

Жалпы ұзындығы - 960 метр. Екі бағытта жүретін болады. Төрт жолақты. Ені бірінші санатты жолдың талабына сай келеді, 11 метр. Биіктігі - 9 метр.

Жерасты өткелінің құрылысы келер жылы аяқталады. Күзде пайдалануға берілмек. Күре жолдың елге тигізген тағы бір пайдасы, талай жұрт соның арқасында кәсіп тапты.

Ресми мәліметтер былай дейді: Көлік дәлізінің құрылысына 35 мыңнан астам азамат қатысқан. Оның тек 500-дейі ғана шетелдік. Қалғаны өзіміздікі. Құрылыс жұмыстары жол саласындағы мамандарымыздың да кәсіби тұрғыда мол  тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берді.

Шетелдіктердің озық ісін үйренді. Біліктілігін арттырды.  Шералы Ахметовтің мердігер компанияда жұмыс істеп жатқанына жылға жуықтады. Содан бері шетелдік білікті маманның қасында  тауды тесетін техниканың қыр-сырын меңгеріп жатыр.

Жасыратыны жоқ, бұл істің көзін білетіндер өзімізде сирек. Жігіт ағасының айтуынша, қауіпті де қатерлі кәсіптің  құпиясы да мол екен. 

Шералы Ахметов, оператор көмекшісі:

Тоннельді тесеміз. Тесеміз де, жарылғыш заттар қойып  жарамыз. Арматура орнатамыз.  Ол жаңбыр суы жерге ағып түсуі үшін әрі қатайтып ұстап тұруы үшін қажет.

Сапалы жол – туризмнің де тірегі. Қасиетті Түркістан шаһары бүгінде төрінен  қонақ арылмайтын қасиетті мекенге айналды.  Тарихи орынға  келгендер саны биыл бір миллионға жуық.

Мәселен, 2006 жылы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне небәрі 620 мың адам келіп зиярат жасаған болса, 2013 жылы олардың саны 701 мың, ал биылғы тоғыз айдың өзінде 800 мыңға жетіп отыр.

Бұл ең әуелі саяхатшыларға қызмет көрсету сапасының артқаны, сосын қатынас жолының жақсарғанының нәтижесі. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің арқасында туристер бұрынғы жол азабынан құтылды. 

Джейннің мамандығы - тарихшы. Лондонда тұрады. Түркістан шаһары және Яссауи кесенесі жөнінде ертеректе  Қазақстан туралы кітаптан оқып білген екен. Жұбайы екеуі әдейі саяхаттап келіпті. Сапардан алған әсерлері керемет.

Джейн Матч, турист:

Қазақстанға алғаш келуіміз. Түркістанның тарихы шынында өте қызықты екен. Өзге қалалардан бөлек. Туристік орталық ретінде дамып келе жатқаны көрініп тұр. Саяхатшыларға  да қолайлы жағдай жасалған. 

Халықаралық көлік дәлізі - сан ғасырдан соң Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртып отыр.  Жоба аяқталса, оның еліміздің экономикасына тигізер пайдасы орасан. Өйткені, көлік қызметі экспорты жыл өткен сайын табысты бизнес түріне айналып келеді.

Мәселен, қазір Еуропа мен Қытай арасындағы тауар айналымы жылына шамамен 800 миллиард долларға жетіп отыр. Ал, бұл көрсеткіш алдағы уақытта артпаса, кемімейді. Сондықтан, халықаралық көлік дәлізі - ел үшін үлкен табыс көзі. Ырыс пен дәулетке бастайтын несібелі жол.

 Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу