Қазақстанның құнарлы жерлері бос жатпауы керек - Ж. Үшкемпіров - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның құнарлы жерлері бос жатпауы керек - Ж. Үшкемпіров

04.05.2016
Қазақстанның құнарлы жерлері бос жатпауы керек - Ж. Үшкемпіров

Қазақстанның құнарлы жерлері бос жатпауы керек. Керісінше, мұнай бағасы төмен кезде, табыс әкелуі тиіс, деп санайды грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, бүгінде ірі шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Үшкемпіров.

«Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Бұл ата-бабамыздың аңсаған арманы еді. Отандастарымыз бұл Тәуелсіздікке оңай жолмен жетпегенімізді түсінуі керек», - деді Ж. Үшкемпіров.

Оның пікірінше, азаматтар аға ұрпақтың ісін жалғай отырып, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға атсалысулары тиіс.

«Мен өзім ауылда туып өскен адаммын. Қазір мал өсірумен айналысамын. 2006 жылы 20 мың гектар жерді 49 жылға алып едім. Бүгінде осы жерді дамытуға бар күшімді салып жатырмын. Қоластымда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Жер, босқа жатқанша табыс әкелуі тиіс. Біздің сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және оларды ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға әлеуетіміз жетеді. Бұл үшін жаңа технологияларды қолдана отырып, өнімділікті арттыруымыз қажет. Сондықтан, жерді шетелдіктерге жалға беруді дұрыс шешім деп санаймын», - деді Ж. Үшкемпіров.   

Сондай-ақ, шаруа қожалығының басшысы жердің шетелдіктерге ешқашанда сатылмайтындығын баса айтты.

«Заңда шетелдіктерге жер сатуға тыйым салынған. Ал, жалға беру көп мүмкіндіктер ашады. Онда жасалған барлық инфрақұрылымдар болашақта өзімізге қалады», - деді ол.

Бұдан басқа, Жақсылық Үшкемпіров жерді жалға берудің қатаң ережесі бар екендігін, оны орындамаған жағдайда жер мерзімінен бұрын мемлекетке қайтарылып алынатындығын айтты. 

«Қазақ жері шетелдіктерге ешқашан да сатылмайды. Тек бізге тиімді болатындай шартпен жалға беріледі. Сондықтан, біз мынадай қиын кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, елдің дамуына еңбек етуіміз қажет», - деп сөзін аяқтады Ж. Үшкемпіров.

 

ҚазАқпарат

 

 

Хабарламаларға жазылу