Елбасы: Өткен жылы Астана Қазақстан экономикасы өсімінің 40 пайызын қамтамасыз етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы: Өткен жылы Астана Қазақстан экономикасы өсімінің 40 пайызын қамтамасыз етті

27.04.2016
Елбасы: Өткен жылы Астана Қазақстан экономикасы өсімінің 40 пайызын қамтамасыз етті

«Мен қазір ғана салынып жатқан нысандарды көрдім, қарқыны қызу. Белгіленген кесте орындалып жатыр. Күн сайын құрылыс нысандарында он мың адам жұмыс істеуде», деді Елбасы.

Осы ретте Мемлекет басшысы көрмені ұйымдастыру және өткізу Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен елордамыздың келбетін паш етуі тиістігін баса айтты.

«Ал біздің жетістіктеріміз бар. Өткен жылдың қорытындысында ғана Астана ел өңірлері арасында ішкі өнім өсімінің ең жоғары қарқынына,  бес пайыздық деңгейіне қол жеткізіп, 2015 жылы бүкіл Қазақстан экономикасы өсімінің 40 пайызын қамтамасыз етті. Астаналықтарды бұл жетістіктерімен құттықтауға да болады»,- деді Н.Назарбаев.

ҚР Президентінің атап өтуінше, елордада инвестиция тарту бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Жалпы, елорда құрылған күннен бері тартылған инвестиция көлемі 6 трлн. теңгеден асып жығылды. Оның  2 трлн. теңгесі мемлекет бюджетінен бөлінген болатын. Алайда, бүгінгі күннің өзінде ел қазынасына салық түрінде 4 трлн. теңге аударылған.

«Яғни, бұл мемлекет жүзеге асырған өте тиімді жоба болып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекет шығындаған қаржы бір демде қайтарылды. Бұған қоса, өткен жылы Астана алғаш рет біздің бюджетіміздің доноры болды. 900 млрд. теңге аударылды. Барлық түсімдердің  75 пайызы қала халқының жартысын жұмыспен қамтып отырған шағын және орта бизнес үлесінде. Бұл барша Қазақстан ұмтылатын деңгей», деді Елбасы.

 

ҚазАқпарат

 

Хабарламаларға жазылу