МузАРТ: Гастрольде болсақ та, Генаның жекпе-жегін өткізіп алмауға тырысамыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

МузАРТ: Гастрольде болсақ та, Генаның жекпе-жегін өткізіп алмауға тырысамыз

22.04.2016
МузАРТ: Гастрольде болсақ та, Генаның жекпе-жегін өткізіп алмауға тырысамыз

«Алдағы жекпе-жекті қазақстандықтардың басым бөлігі сияқты үйде көретін шығармын. Екі ойлымын. Генаның жеңіске жетуіне сенсем де, аздап қобалжу да бар. Әрине, қазіргі уақытта Генаға сай келетін бәсекелес жоқ. 3-ші раундта Гена Уэйдті нокаутқа жібереді деген ойдамын. Бірақ, Уэйдтің 7-ші раундқа дейін «тірі қалғанын» қалаймын. Қалай боларын көре жатармыз», - деп ойымен бөлісті Қайрат Нұртас.

«Гастрольде болсақ та Генаның жекпе-жектерін өткізіп алмауға тырысамыз. Соңғы кездері тіптен уайымдамаймыз да, себебі кез келген қарсыласын жеңеді деген сенімдеміз. Бұдан да асқан қызықты сәттердің куәгері болғымыз келеді. Уэйд кездесу барысында біраз болса да Головкинге қиындықтар туғызып, өзін жақсы көрсетеді деген ойдамыз. Гена барша қазақстандықтардың жүрегін жаулап алды және оның жеңісін сөзсіз күтеміз», - деді «МузАРТ» тобының жігіттері.

Осыған қоса қазақстандық эстраданың басқа да өкілдері өз пікірлерін ортаға салды.

«Біз отбасымызбен Генаны қолдаймыз және осы жолы да жеңіске жететініне күмән келтірмейміз. Гена сияқты спортшымыздың бар екенін мақтан тұтамын. Біз, қазақстандық эстраданың өкілдері қашан да Генамен біргеміз. Айтарым, Гена осы жеңістеріңмен тоқтап қалма, тек қана алға!», - деп ыстық қыласын білдірді Маржан Арапбаева.

«Мен Головкиннің жекпе-жегін міндетті түрде көремін. Жексенбі күні сол үшін ерте тұрып, ұйқымды қиюға әзірмін. Мен оның жеңісіне сенемін. Ол әлемнің ең мықты боксшысы екенін дәлелдей алды. Оған тек қана жеңіс тілеймін!», - дейді Айқын Төлепберген.

Айта кетейік, Головкин-Уэйд жекпе-жегі 23 сәуір күні АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы «Форум» аренасында өтеді. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайты жекпе-жекті 24 сәуірде 07:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді.

Хабарламаларға жазылу