Қазақстандық спортшы Зүлфия Ғабидуллина әлем рекордын қатарынан 3 рет жаңартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық спортшы Зүлфия Ғабидуллина әлем рекордын қатарынан 3 рет жаңартты

12.04.2016
Қазақстандық спортшы Зүлфия Ғабидуллина әлем рекордын қатарынан 3 рет жаңартты

Спортшыны жоғары жетістігімен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Министр паралимпиалық спортшыны Голландияның Эйндховен қаласында өткен дәстүрлі «Swim Cup Eindhoven» жарысында әлем рекордын қатарынан 3 рет жаңартуымен шын жүректен құттықтай отырып, оның жоғары көрсеткіштері нағыз ерлік екендігін атап өтті.

«Бұл жетістігіңіз бейбіт еліміздің азаматшасы ретінде жасаған ерен ерлігіңіз деп білемін. Сіздің еншіңізде осымен 6 әлем рекорды бар. Қазіргі таңда 50, 100 және 200 метрге еркін әдіспен жүзуде әлемдік рейтингте Сіздің көш бастап тұруыңыз – біз үшін зор мақтаныш. Тағдырдың тезіне қайсар мінез танытып, көпке үлгі боларлықтай ерлік жасап келесіз.

Рио-де-Жанейро қаласында өтетін алдағы XV Паралимпиада ойындарында Сізге сәттілік тілегім келеді! Бұл жеңістеріңіз жаңа жетістіктерге ұласа берсін!» - деп жазды министр құттықтауында.  

Айта кету керек, Зүлфия Ғабидуллина алдымен 50 метр қашықтықта жартылай финалда 44.99 секунд уақытта жүзіп өтіп, бірінші рекордын орнатты. Араға көп уақыт салмай, финалда еркін жүзу әдісімен осы қашықтықта жаңа әлем рекорды болып табылатын 44.17 секунд уақыт көрсету арқылы 1 орынды иеленді. 

Кейін 100 метр қашықтықты 01:34.86 уақыт ішінде өту арқылы әлем рекордын тағы бір мәрте жаңартты. Сондай-ақ, Зүлфия Ғабидуллина еркін әдіспен жүзу бойынша 200 метр қашықтықта да алдына жан салмай 1 орын иеленді.

Естеріңізге сала кетейік Зүлфия Ғабидуллина осыған дейін Рио-де-Жанейрода өтетін  XV Паралимпиада ойындарына жолдама алған болатын. Қазіргі кезде Зүлфия Ғабидуллина осы 3 қашықтықтарда (50, 100, 200 метр) әлемдік рейтингте көш бастап тұр.

Хабарламаларға жазылу