Зейнеп Ахметова: Мақпал Аманжолқызы биязы, текті адам еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнеп Ахметова: Мақпал Аманжолқызы биязы, текті адам еді

04.04.2016
Зейнеп Ахметова: Мақпал Аманжолқызы биязы, текті адам еді

Арманшыл бала жанын түсініп, өнерін көпке паш еткен Мақпал Аманжолқызының есімін өнерпаз балғындар жақсы біледі. Атадан қалған мұра қорын құрып, ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық болмысты сақтаған оның замандастары «Бір өзі менеджер, продюсер, әкімшінің қызметін атқарып кете беретін еді»,-деп те еске алады. Оның әр ұйымдастырған байқауынан ұлттық тағылым есіп тұратын.

Мақпал Аманжолқызы 2008 жылы «Атадан мұра» қоғамдық қорын құрды. Ондағы мақсаты – қазақ балаларының өнерін өрістету еді.

Жазушы Зейнеп Ахметова: «Марқұм Мақпал дауысын көтеріп сөйлемейтін, бір кісіге жаман сөз айтып, «сен» демейтін, сондай бір биязы, текті адам еді. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады», демекші балаларының тағдыры  үшін, олардың жақсы әдетке бейімделуі үшін еңбек етті»,-дейді.

Мақпал Аманжолқызы үйдегі шаруадан босай сала, қоғамдық жұмысқа асығатын. Алматыдағы Оқушылар сарайымен бірігіп, Бауыржан Момышұлы атындағы балалар байқауын ұйымдастырды. Жанарында от ойнаған әрбір дарынды балаға аналық мейірін төгетін.

Балалардың басын қосып, Анталияда өткен түркітілдес елдердің конкурсына алып барды. Үкілеп апарған 200 баланың 100-ге жуығы жүлделі орыннан көрініп, қуантты.

Бұл – Мақпал Аманжолқызының еңбегінің еш кетпегені, таңдаған жолының дұрыстығы.

Хабарламаларға жазылу