«Жігіттер» квартеті алғаш рет сахнада продюссері Ерғали Әбдірайымовпен бірге «Жан досым» әнін шырқады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жігіттер» квартеті алғаш рет сахнада продюссері Ерғали Әбдірайымовпен бірге «Жан досым» әнін шырқады

25.03.2016
«Жігіттер» квартеті алғаш рет сахнада продюссері Ерғали Әбдірайымовпен бірге «Жан досым» әнін шырқады

Бұл жобада әншілер тек ән айтып қана қоймай, жүргізушілер тарапынан айтқан ұсыныстарды орындап, өздерін көрермендерге жаңа қырыннан таныстыру керек. Сондай-ақ, концерт тек жанды дауыста болады. Жүргізушілердің алғашқы ұсынысы «Жігіттер» квартетінің әр әншісі жеке-жек той әндерін лирикалық бағытта айту керек. Алғаш Мырзахан Маханов «Мария магдалена» әнін шырқаса, Айдар Тұрғанбек «Қызыл өрік» әнін нақышына келтіріп орындады. Ал, Ердос Қанаев «Аспанға қараймын», Бағлан Әбдірайымов «Төрешің» әнін лирикалық бағытта да айтуға болатынын көрсете алды.

Бұдан кейін «Жігіттер» квартеті алғаш рет сахнада өздерінің продюссері Ерғали Әбдірайымовпен бірге «Жан досым» әнін шырқады. Ерғали Әбдірайымовтың өзі: «Жігіттерге 13 жылдан бері продюссері болып келсем де, бірге сахнада ән орындамаппын. Бұл мен үшін «Сәлем, Қазақстан» жобасындағы эксклюзив оқиға болды», дейді.

Ал, жобаның ортасында концерт сұрақ-жауап ретінде өрбіді. Көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға «Жігіттер» квартетінің өкілдері нақты әрі, шынайы түрде жауап беруге тырысты. Көрермендер қандай сұрақ қойғанын, «Жігіттер» тобы қалай жауап бергенін алдағы уақытта Ұлттық арнадан көре аласыздар.

Сондай-ақ, «Жігіттер» тобы жобада жеке-жеке ән шырқайды. Айдар Тұрғанбек халық әні «Үш меркіні» орындаса, Ердос Қанаев пен Бағлан Әбдірайымов бірге домбырамен қос дауыста «Сағыныш» әнін шырқады. Ал, Мырзахан Маханов «Сен мен үшін» әнін орындады.

«Сәлем, Қазақстан» жобасының «Папарацци» айдарында «Жігіттер» тобының еш жерде жарияланбаған суреттері көрермен назарына ұсынылды. Топ мүшелерінің кейбір фотосуреттері залдағы көрермендерді күлкіге қарық қылды. Сондай-ақ, Мырзахан Маханов өнердегі ағасы Нұрлан Еспановқа пародия салып, көрермендерді тағы бір күлдірді.

Концерт соңында «Жігіттер» тобымен «Сәлем, Қазақстан» жобасының көрермендерімен бірге «Ерке қыз әнін орындаса, «Атамекен» әнінмен «Жігіттер» квартеті жобаны қорытындылады. Жобада болған өзге де қызықтарды алдағы уақытта Ұлттық арнаның «Сәлем, Қазақстан» жобасынан көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу