«Қазақстан» РТРК журналистері шағын футболдан Ә.Жармұхамедов атындағы турнирде чемпион атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» РТРК журналистері шағын футболдан Ә.Жармұхамедов атындағы турнирде чемпион атанды

24.03.2016
«Қазақстан» РТРК журналистері шағын футболдан Ә.Жармұхамедов атындағы турнирде чемпион атанды

Турнирге «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «Комментаторлар мектебі», Alzhan.kz спорт порталы, «31 арна», «Аңыз адам» журналы, «Алма медиа» ұжымы және «Қазақ ТВ» командалары қатысты.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының футбол құрамасы тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыста жеңімпаз атанды. «Б» тобында «Kazakh TV», «Alma media-Алматы телеарнасы», «Сhampionat.kz» командаларын жеңіп, 9 ұпаймен көш бастаған «Ұлттық арна» құрамасы жартылай финалда «Аlzhan.kz» порталын 2:1 есебімен ұтты. Ал, финалдық ойында «Аңыз адам» журналының ұжымын ұтып, кубокты қанжығасына байлады. Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы Алматы бюросының тілшісі - Амангелді Сейітхан турнирдің «Үздік ойыншысы» атанып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Турнир қонақтары жарыстан соң Наурыз көжеден дәм татып, мәз-мейрам болып тарқасты. Турнирден соң қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұxамедовтың есімімен тікелей байланысты Alzhan.kz сайтының ресми ашылуы жалғасын тапты.

Мәскеуден осы іс-шараға Әлжан Жармұxамедов арнайы келді. Сонымен қатар, Қуат Хамитов, Жанқош Тұраров, Шыңғыс Есенаманов, Айбек Нұрсейіт сынды спортшыларымыз кеш қонағы болды.

Айта кетейік, Әлжан Жармұхамедов баскетболдан 1972 жылы Мюнхенде өткен Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы. 

Хабарламаларға жазылу