Пилингтің барлық түрлері жеміс қышқылдары және белгілі бір мөлшердегі химиялық қышқылдардан тұрады. Оның жеңіл, орташа және терең түрлері бар. Терең түрлеріне фенол және кофе пилингін жатқызуға болады. Пилингтегі қышқыл үлесі жоғары болған сайын әсері де терең болмақ.
Бет терісіне жасалатын процедураның ең танымал түрі - сүтті пилинг. Ол теріні ағарту әсеріне ие. Бұл пилинг түрінен кейін бет терісі қатты қабыршақтанбайтындықтан оны көбінесе демалыс күндері немесе маңызды іс-шара алдында жасаған дұрыс.
Ал, гликольді пилинг теріні терең ылғалдандыруға бағытталған. Әсер ету деңгейі жағылған қышқылдың мөлшері мен уақытына байланысты.
Безеуге қарсы салицил пилингін жасаған дұрыс. Себебі, салицил қышқылы безеулерді құрғатып, оның одан әрі пайда болуына жол бермейді.
Пилингтер балаларға, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға жасалмайды. Бет терісіне арналған пилингтердің нақты әсерін сезіну үшін процедураны белгілі бір аралықта бірнеше рет қайталап отырған жөн.