Алматының 1000 жылдық мерейтойына орай халықаралық жыр мүшәйрасы жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының 1000 жылдық мерейтойына орай халықаралық жыр мүшәйрасы жарияланды

09.03.2016
Алматының 1000 жылдық мерейтойына орай халықаралық жыр мүшәйрасы жарияланды

Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, Алматы қаласының 1000 жылдығына орай халықаралық жыр мүшәйрасын өткізеді, деп хабарлайды Алматы әкімдігі.

Мүшәйраның мақсаты - сан ғасырлық тарихы бар, азаттықтың алтын бесігі болған Алматы қаласын жырға қосу арқылы жаңа заман әдебиетінің бүгінгі күн тақырыбына сай тың дүниелермен толығуына және терең тарихымыздың көркем шежіресінің жазылуына, сондай-ақ, рухани ұлттық мұрамыз бен  елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтауға, оқырманды имандылыққа, бірлікке шақыратын, туған елін, Отанын сүюге үндейтін шығармалардың дүниеге келуіне ұйытқы болу.

Мүшәйраға Алматы қаласының ғасырлар қойнауындағы тарихи сәттерін,  жеңісті, жемісті кезеңдерін, сонымен қатар, қазіргі күннің көкейкесті мәселелерін арқау ететін, бұрын еш жерде жарияланбаған поэзиялық шығармалар қабылданады. Бәйгеге еліміздегі және шетелдердегі қазақ ақындары қатыса алады.

Үміткерлер шығармаларын компьютерде теріп, үш данасын бүркеншік атпен төмендегі мекен-жайға жіберуі керек. Ал үміткер туралы толық мәлімет (автордың аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны) арнайы бөлек конвертке салынып, шығармамен бірге жолдануы тиіс.

Мүшәйраға әр автордан үш өлең қабылданады. Шығармалар 14-ші кегльмен теріліп, (аралық интервал 1,5), 5 беттен аспауы керек.

Екі өлең Алматы қаласына арналуы шарт. Үшінші өлең еркін тақырыпта. Шығармалар 2016 жылдың 31 наурызына дейін қабылданады.

Шығармалар Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 105 үйге, 25-кабинетке жолдануы керек.

Бас бәйге біреу, бірінші орын - біреу, екінші орын - екеу, үшінші орын - екеу.

Мүшәйра қорытындысы сәуір айының ортасында жарияланып, марапаттау рәсімі өтеді.

 

Хабарламаларға жазылу