Елімізде автокөлік бағасы 40 пайызға қымбаттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде автокөлік бағасы 40 пайызға қымбаттаған

18.02.2016
Елімізде автокөлік бағасы 40 пайызға қымбаттаған

Елімізде көлік саудасы тұралап қалды. Көлік сататындар өткен жылмен салыстырғанда сауданың 60%-ға төмендегенін айтады. Бұған автокөлік бағасының шарықтауы себеп болған, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы. Автокөліктер өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 40%-ға қымбаттапты. Бұл әуелі еркін айналымға жіберілген доллар курсына байланысты болса, екіншіден шетелден сатып әкелінетін көліктердің салық құнына орай жоғарылапты-мыс. Диллерлер соңғы кездері көліктерді өзіндік құнынан төмендетіп сатсақ та, алушы жоқ деп отыр.

«Автокөліктердің сатылымы мүлдем тоқтап қалуы мүмкін. Өйткені олардың құны доллардың жаңа курсымен есептеледі. Сондықтан алдағы күндері машиналардың бағасы қатты қымбаттайды деп ойлаймыз. Бұған қоса, сырттан әкелетін көліктердің утилизация құны мен бастапқы тіркеу бағасы да нарыққа әсерін тигізеді. Бұл шараның барлығы отандық автокөліктердің саудасын жүргізу үшін жасалып отыр. Бірақ, бұл импорттық көліктердің сатылымына салқынын тигізіп отыр»,- деді  Тәуелсіз автобизнес қауымдастығының өкілі Мақсат Мейірманов.

Дағдарысқа шыдай алмай, бірқатар брендті ірі автосалондар жабылып қалыпты. Мәселен, «Honda» автоконцерні Қазақстан нарығынан мүлдем кеткен. Ал, қазір жұмыс істеп тұрған салондар «Шықпа жаным, шықпаның» күйін кешіп отыр. Жұмысшыларды қысқартып, тапсырыс санын айтарлықтай азайтыпты. Сарапшылар ахуал наурызда біршама тұрақталуы мүмкін деп отыр.

«Бүгінгі күні біз қаңтар айының қорытындысы бойынша не көріп отырмыз? Биылғы қаңтар айы біз үшін 2011 жылдың мамыр айынан бергі сатылым бойынша ең нашар ай болды. Яғни, соңғы 5 жылда көлік саудасы қатты құлдырады. Біз биылғы көрсеткіш 2011 жылдағыдай болады және жыл соңына дейін тек 50-60 мың автокөлік сатамыз деп болжап отырмыз. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 40-45% пайызға төмен»,- деді сатылымның аймақтық директоры Михаилс Кветнис.

Көлік саудасы тек автосалондарда ғана емес, қарапайым базарларда да тұралап тұр. Қазір жаңа темір тұлпар тізгіндегісі келетіндердің саны тым азайған. Тағы бір айта кетерлігі, көпшілік мемлекет бекіткен автонесиелеу бағдарламасына жүгінгенді жөн көреді екен. Бүгінгі күні банктер шамамен 5 мың адамға несие берген. Автонесиелеудің бірінші траншына бөлінген 15 млрд теңгенің, 87 пайызы игерілген. Ал, екінші траншқа қарастырылған 11 млрд теңгенің әзірге тек 13 пайызы игеріліпті.

Хабарламаларға жазылу