Қарағанды облысы бойынша көмір бағасы биыл 40 пайызға қымбаттаған

27.10.2017

Бұл алыпсатарлардың ісі, біз бағаны 10 пайызға ғана өсірдік, - дейді көмір өндірушілер. Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы кеншілер шаһарында 11 мың теңгеден сатылды.  Бірақ,  арадағы делдалдар оны елді мекендерге 15 мың теңгеден саудалап жатыр. Осылайша, баға шарықтап шыға келді.  Саудагерлер бұл жағдайды жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектің қымбаттауымен байланыстырады.

Ал, өңірде көмір тапшылығы жоқ. Биыл кенді аймақтағы 11 шахта мен 9 разрез 23 миллион тонна көмір өндірген. Қарағанды облысының тұрғындары жылына небәрі 2 миллион тонна ғана көмір жағады. Соған қарамастан жылдағыдан кезек көп. Өзге облыстардан да сұраныс жоғары.  Шұбаркөл көмірін тарататын аумаққа  тәулігіне 30 вагонға дейін отын жеткізіледі.  

Болат Жәкенов, «Шұбаркөл көмір» АҚ өндіріс жөніндегі департаментінің директоры:

- Қазақстанда көмір шығаратын разрездер көп. Солар мүмкін көмір артпайды. Ал, біздің жақтан ешқандай кедергі жоқ. Қысқа дайындығымыз жақсы.  Бір жағынан алсақ Шұбаркөл көмірінің күлділігі аз, қызуы көп. Сондықтан да біздің көмірді барлығы алғысы келеді. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу