«Арыс» атты кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Арыс» атты кітап жарық көрді

15.02.2016
«Арыс» атты кітап жарық көрді

Қазақстанның Мәдениет қайраткерлері Әбдімәлік Ағыбай мен Ермек Балташұлының «Арыс» атты кітабы жарық көрді. Кітап «Фолиант» баспасынан  «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен басылған.

Ұлан-ғайыр қазақ жерінің қай өңірі болмасын қайталанбас болмыс-бояуымен, табиғатының көркем кескін-келбетімен, өсімдіктер дүниесімен, жан-жануарлар әлемімен, сол топырақ жарық дүние сыйлаған перзенттерінің қолымен жасалған тарихи, мәдени мұрасымен ерекшеленеді.

Халқымыздың сондай байырғы қонысының бірегейі – Арыс. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, елдің оңтүстігіндегі ең арналы қос өзенді тел еміп жатқан құнарлы жер үшін баба ұрпақ қызыл қанын, ащы терін төкті – бүгінгі Қазақ Елінің бөлінбес еншісіне айналдырды.

Белгілі қаламгерлер, Қазақстанның Мәдениет қайраткерлері Әбдімәлік Ағыбай мен Ермек Балташұлының еңбегінде тарихы тылсымға толы Арыстың өткені мен бүгіні, осында дүниеге келіп, ел өмірінде айрықша із қалдырған тұлғалардың бейнесі нақты деректермен айшықталған.

Осы жерде кіндік қаны тамған жүрегі түкті батырлар мен от ауызды, орақ тілді ақындар, қоғам қайраткерлері мен ғұлама ғалымдар, әлемді тамсандырған өнер шеберлері мен спортшылар, еңбек тарландары туралы мол мағлұмат бар.

Арыстың сонау тас дәуірінен бүгінгі компьютер заманына дейінгі тарихи, мәдени жолы көркем тілмен кестеленіп, көрнекілік жәдігерлермен кескіндеген кітап-альбом теміржолшылар мекенінің қала мәртебесін алғанына 60 жыл толатын мерейтойы қарсаңында жарық көріп отыр.

Тың деректер мен соны материалдарды молынан қамтыған кітап туған өлкенің бай шежіресін танып-білуге құштар оқырман қауымға арналған.

Ағыбай Әбдімәлік, Балташұлы Ермек.

«Арыс». Астана: «Фолиант» баспасы, 2015. – 304 б.

Хабарламаларға жазылу