Мейрамбек Әбжатұлы күрішпен сурет салу бағытын дамытып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мейрамбек Әбжатұлы күрішпен сурет салу бағытын дамытып келеді

27.01.2016
Мейрамбек Әбжатұлы  күрішпен сурет салу бағытын дамытып келеді

Суретші Мейрамбек Әбжатұлы күрішпен сурет салу өнерін осыдан 37 жыл бұрын қызылордалық корей суретшісінен үйренген. Алдымен, ағаш жоңқалы плитаға (ДСП  материалы) желім жағады, бетіне ақ маржанды жабыстырады. Әбден кеуіп қатқан соң, сурет салуға кіріседі.

«Сурет өнерінің бұл бағыты кез келген бояумен салынады. Үстінен арнайы лакпен жүргізіледі. Шыбын-шіркей  түспес  үшін арнайы спиртпен сүртіледі. Кейін үсті шынымен қапталады. Бұл сүрткен кезде бояуы шықпас үшін қажет»,-дейді ол.

Суретші бір жұмысты бір аптада бітіреді. Ағаш жоңқалы плитаға желімделген күріштің түсі өзгермеуі үшін жаз мезгілінде 2-3 күн кептірсе, қыста бұл уақыт 4-5 күнге созылады.

«Бір байқағаным, күріштегі сурет бабымен кебуі керек екен. Бірде жұмысты жылдам аяқтау керек болды да, жылытқыш, желдеткішпен кептіре қояйын деп едім, жарылып кетті»,-дейді суретші.

Суретші қазір сәуір айында өтетін көрмесіне дайындық үстінде.

Хабарламаларға жазылу