«Сырғалым» телехикаясы Татарстанда көрсетілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сырғалым» телехикаясы Татарстанда көрсетілмек

26.01.2016
«Сырғалым» телехикаясы Татарстанда көрсетілмек

«Қазақстандық контент (қазақ тілінде) арасында жоғары рейтинг жинаған «Сырғалым» телехикаясы «Татарстан – Новый век» (Ресей) телеарнасына сатылды.

Бұл «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның өз қызметінің тиімділігін жоғарылату шеңберінде қазақстандық контентті ілгерілетудегі алғашқы қадамы. «Сырғалым» енді татар тілінде де сөйлейді. Қазақстанның хикая өндірісінде нағыз серпіліс тудырған 48 сериялы «қазақтың Күлшеқызының» тарихы туралы түсірілген хикаяға шетелдік телевизия мамандары қызығушылық танытып, аталмыш хикая Ресейдің рейтингі жоғары телехикаяларымен бәсекеге түседі.

 «Қазақстан» РТРК» АҚ сайтында телекөрермендердің дауыс беруі нәтижесінде «Сырғалым» телехикаясы «2014 жылғы үздік хикая» жүлдесін иеленсе, бас кейіпкерді сомдаған Жұлдыз Маханова «2014 жылы әйел ролін сомдаған үздік актриса» номинациясына ие болды.

ТНВ телекөрермендері детективтік сюжетке тән шытырманға толы оқиғалардың, күрделі қарым-қатынастар мен құпиялардың куәсі болмақ. Ауылдан келген қарапайым қазақтың қызы – Сырғалым елорданың жаңа өміріне бейімделе бастайды. Бойына заманның үздік қасиеттерін сіңіре білген ару, қазақ қызына тән қарапайымдылығы мен жан тазалығын сақтап қалады.

Фильмде 1000 шаршы метрден астам аумақты қамтыған ең қымбат декорациялар пайдаланылды.

 «Сырғалым» телехикаясын «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысы бойынша қазақстандық «Көркем фильм» продакшн-компаниясы түсірген.

Хабарламаларға жазылу