Бүгін, 11 қаңтарда, Швейцарияның Цюрих қаласында ФИФА-ның 2015 жылғы ерлер және әйелдер арасындағы ең үздік футболшысы, ерлер және әйелдер командасының ең үздік бапкері мен жылдың «ең үздік голына» берілетін Ференц Пушкаш атындағы жүлденің иегері анықталады.
Осы орайда назарларыңызға мамандар пікірін ұсынамыз!
Абай АЙМАҒАМБЕТ, журналист
«Алтын доп» жыл бойы маусымды мүдірмей өткізген ойыншыға берілуі тиіс. Соңғы 7 жылда пәлендей әділетсіздік бола қойған жоқ. Жасыл алаңға алаңсыз билік құрған Месси мен Роналду алды. Биыл да екеуінің бірі алады. Неймарға биыл үштікке кіргенінің өзі олжа. Месси биыл клуб қатарында алуы керек жүлденің бәрін алды. Жеке шеберлігі десеңіз оған да талас жоқ. Бірақ, португалдык та одан бір мысқал кем ойнаган жок. Тек кемшілігі клубпен топ жара алмады. Алайда, ұлттық құрамасын Еуроға шығарды. Гол соғудан да ешкімді шаңына ілестірмеді. Десе де биылғы жыл бұл екеуі үшін соңғы «тұяқ серпіс» секілді. Келер жылдары «Алтын допқа» Неймар, Суарес, Хаместер таласады.
Есен ЕЛЕУКЕН: «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті
Биылғы «Алтын допты» әрине Месси алады. Барлық статистика жағынан қарсыластарынан озып тұр. Бірақ, өз басым Неймардың алғанын қалар едім.
Руслан МЕДЕЛБЕК: спорт журналисі
«Алтын доп» иегері осыдан бір ай бұрын белгілі болған. Биыл барлық параметрлер бойынша «Алтын допты» Месси алуы керек. Себебі аргентиналық ойыншының көрсеткіштері Роналдудан сәл жоғары болды. Дауыс айырмашылығы да өте жақын болады. Ал, Неймар алдағы «Алтын доптарына» биыл алғашқы қадамды жасады.
Бек ТӨЛЕУОВ: спорт журналисі
Жылдың үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» сыйлығын кім алады екен деп қатты қызығушылық танытып жатқандар биыл аз секілді көрінеді. Себебі, фаворит белгілі. «Барселона» 2015 жылы мүмкін болған алты кубоктың бесеуін жеңіп алды. Команданың көшбасшысы Лионель Месси маңызды кездесулерде өзін көрсете алды. Екінші орын Криштиану Роналду бұйырса, үздік үштікті Неймар қорытындылайды.
Осы орайда мынаны айта кеткен дұрыс деп ойлаймын. Соңғы жылдары бұл сыйлыққа үміткер үш ойыншының арасында Англия және Италия чемпионаттарында өнер көрсететін футболшылардың жоқтығы. 2013 және 2014 жылдары «Бавария» футболшылары Франк Рибери мен Мануэль Нойер үштікке ілігіп еді. Биыл тек Ла лига ойншылары болып отыр. Англия мен Италия клубтарына Чемпиондар лигасында сәтті ойнап, құрамалары алдағы Еуропа чемпионатында жоғары нәтиже көрсету керек деп ойлаймын. Әйтпесе, алдағы 2-3 жылда Роналду, Месси, Суарес, Бэйл секілді Ла лига футболшылары «Алтын допқа» үміткер атануы мүмкін.
Рауан ОҚАС, спорт комментаторы
Биылғы «Алтын допты» Леонель Месси алады. Тоғыз жылдан бері осы мәртебелі сыйлыққа үміткер болып жүр. Бұл дегеніңіз мега көрсеткіш. 8 жылда 4 рет алтын допты иеленсе, 4 рет екінші орын алды. Бүгін пента-трик жасайды. Неге Месси? Өйткені, ол Аргентина құрамасымен Америка кубогының финалына дейін жетті. Және «Барселонамен» Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Екінші орынды Неймар алады. Үшінші орынды Роналду иеленеді.