Алматыда тірі маймылдар қымбат бағамен сатылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тірі маймылдар қымбат бағамен сатылып жатыр

05.01.2016
Алматыда тірі маймылдар қымбат бағамен сатылып жатыр

Бұл туралы almaty.tv хабарлады, деп жазады egemen.kz.

Бүгінде ZОО дүкендердің бизнесі қызып тұр. Бағасы көліктің құнымен пара-пар маймылдарды қалталылар жаппай сатып алуда.

Алматыдағы ZОО дүкендердің біріндегі тоғыз айлық мешін Африка құрлығынан жеткізілген. Маймылдардың «Лорри» деген тұқымына жатады. Дүкен сатушыларының айтуынша, осы маймылдың 8-і бір ай ішінде сатылған. Мұның құны шамамен 320 мың теңгені құрайды.

«Бұл маймыл көбіне түнде тамағын тауып жеп, қыдырғанды қалайды. Жалпы, сатылымға түскен маймылдардың ішінде «Лорри» ең арзаны. Мына жұдырықтай ғана «Игрунка» атты маймылдың құны 1500 доллар. Ұрғашы-еркегін бірдей бір миллион теңгеге жуық ақшаға сатып алған тұрғын жасыл қағаздарды сытырлатып санап берді», – деді дүкен сатушысы.

Ал Алматы қаласының тұрғыны Ольга Андреянова: «Біріншіден — мешін жылы. Мешін жақсылық әкеледі деген ырымға сенеміз. Екіншіден -балаларыма сыйлағым келеді. Үшіншіден — бізде өзіміздің кішігірім тәлімбағымыз бар. Сондықтан мына кішкентай маймылдың екеуін алдым», – дейді.

Айта кетейік, бизнесі жүріп тұрған дүкен иесі сатып алушыларға маймылдарды күтіп-баптаудың әдісін үйретіп береді. «Маймыл өте нәзік, сондықтан оны асырау үшін алдымен жағдай жасау керек. Тамақ талғамы да жоғары, жиі өзгертіп тұру керек. Жәндіктерді де жегізген жақсы. Яғни, табиғи жаратылысындағы тағамдарын беруге тырысу керек. Олардың айналасына деген қызығушылығы өте жоғары»,- деді ЗОО дүкенінің сатушы-кеңесшісі Елена Потапенко.

Африка елдерінен басқа малазиялық маймылдарға да сұраныс жоғары. Сұраныстың көптігінен маймылдарды әкеліп үлгере алмай жатқандарын айтады сатушылар. «Лапундер» -2500, «Явандық макака» -2800, «беларусстық қызыл мешіннің құны» – 5000 доллардан асып түседі екен. Ал үйлерінде ит пен мысық асыраудан жалыға бастаған жандар соңғы кезде құнының қымбаттығына қарамастан, таңсық аңдарды асырауға көшкен.

Хабарламаларға жазылу